ТҮРКІСТАНДЫҚ КЕЛІННІҢ БІР КҮНІ

Ауыл әйелінің әр күні нағыз адал еңбекпен өтеді. Күйбең тірлікпен өмір дөңгелегін ұршықша айналдырып жүрген олардың еңбегін көрсету, бағалау қашан да маңызды.  Тіпті бүкіл әлем бойынша 16-қазан ауыл әйелдерінің халықаралық күні деп бекітілген.  Түркістандық Назым келін үшін ауылда тұру нағыз рахат. Қаланы мүлде аңсамаймын, ауылдағы еркін өмірге жетпейді, — дейді ол.

Назымның таңы 5,30-да тұрып, намаз оқумен басталады.

Одан кейін сиырларды сауып, өріске жібереді.

 

Сосын үйге кіріп, төсек жинап, ата-енесіне шәй береді.

Сиырдан алынатын табиғи сүтті айранға, майға, құртқа айналдыратын шебер келін.

Бүкіл отбасының үстін таза ұстау,  үйді мұнтаздай етіп жинау да Назымның  күнделікті міндеттерінің бірі.

Батырхановтар әулетіне қонақ көп келеді. Әрбір келген адам құт әкеледі. Оларға қой сойып, сыйластық таныту — отбасының бұлжымас дәстүрі. Назым үшін  ішек-қарын аршып, жуу үйреншікті іс.

Әр қой сойған сайын Назым арнайы  ұлттық тағам «жөргемді» жасайды. Бұл қайынатасының сүйікті тағамы екен.  Ішек-қарынды тазалап жуып болған соң, қарынды тігінен ұзынша етіп турап, ас ішекпен орап өреді. Содан кейін тұздап, бабымен жұмсақ етіп қайнатады. Міне, қазір көп жерде ұмытылып бара жатқан жөргем  тағамы осылай дайындалады екен.

Қонақтарға ет асылды.  Ауыл келіндері тағамды да өз әдебімен  ұсынады.

Табақ берерде және аларда үлкендерге міндетті түрде сәлем салады. Олар келінге ақ батасын жаудырады. Бұл тек қонақтарға  жасалатын дәстүр емес. Жас келін 10 жылдан бері күнделікті ата-енесінің алдында да осы дәстүрді сақтап келеді.

Назым биылғы қыстың қамын да орындап қойыпты.  Бақшадағы жемістер мен көкөністерден жыл сайын сан түрлі тосаптар мен тұздалған өнімдер жабады.

Үш баланың анасында бос уақыт мүлде сирек. Егер табыла қалса суретке түсіп, табиғатты камераға ілгенді ұнатады.

«Менен осы күйбең тірліктен қалай шаршамайсың? — деп сұрайтындар бар. Бірақ өзімді ешқашан жұмыс істеп жүргендей сезінбеппін. Керсінше, қолым босап қалса көңіл-күйім түседі. Ата-енем, отбасым үшін жасаған әр еңбегімнің берекесін тілеймін» дейді еңбекқор  келін.

Материалды дайындаған

Аяулым ТАСТАНБЕК.