ТҮРКИЯНЫҢ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТІ ТҮРКІСТАННЫҢ ДАМУ БАҒЫТЫН ОҢ БАҒАЛАДЫ

Түркия Республикасының вице-президенті Фуат Октай Түркістан қаласына жұмыс сапарымен келді. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне ат басын бұрған делегация университет ұжымымен кездесу өткізді. Келелі жүздесуге Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Өкілетті кеңесінің төрағасы, профессор Мухиттин Шимшек, университет ректоры Жанар Темірбекова және оқытушы-профессор құрамы мен студенттер қатысты.

Өкілетті кеңес төрағасы, профессор Мухиттин Шимшек мәжілісті ашып, қадірменді қонақты университет қабырғасында мейман ету – оқу орны үшін үлкен мәртебе екендігін атап өтті. Оқу ордасында жүзеге асып жатқан іргелі жұмыстарды баяндады.

Университет ректоры Жанар Темірбекова және ректор өкілі Женгиз Томар сөз сөйлеп, Фуат Октайға білім мен ғылымның дамуына қосқан үлесі үшін «Құрметті профессор» академиялық атағы берілгенін атап өтіп, мантиясын кигізіп, құжатын табыстады. Түркия Республикасының вице-президенті Фуат Октай мырза мінберде Қазақстан Республикасына ресми сапары аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев және Премьер-министр Әлихан Смайыловпен кездескенін баяндады. Екіжақты кездесулердің бауырлас елдердің ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеретінін атап өтті. Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Қожа Ахмет Ясауи сынды ғұламалар мұрасының өзектілігін тілге тиек етіп, Абай Құнанбайұлының ғылымға үндеген туындысынан үзінді оқыды. Концерттік бағдарламадан кейін Фуат Октай қонақ университет аумағының макетімен танысып, «Төрағалар аллеясына» ағаш отырғызды. Сонымен бірге Түркістан қаласындағы бірқатар мәдениет және руханият нысандарын аралап, Түркістандағы өзгерістерді жоғары бағалады.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі