УАҚЫТЫМЫЗДЫ ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ТІРЛІГІН ТҮЛЕТУГЕ АРНАЙЫҚ

Жас әрі жасампаз қазақ елінің менің Отаным болғанына қуанамын. Ұлан-ғайыр атырапқа созылған қазақ жері маған рух пен күш беріп тұратындай. Елімнің әсемдікке толы табиғаты мен ата-бабамыз қалдырған мол мұрамыз әлі күнге дейін өз құндылығын жоғалтқан жоқ. Халқымыздың заңғар жазушысы М.Әуезов небәрі жиырма жасында « … Ал қазақ, мешел болып қалам демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе!…» деген қанатты сөзді жазды емес пе?!

Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күшті қанатты –
Мен жастарға сенемін!
– деп ақын Мағжан Жұмабаев та жастарға жалынды сөз арнап, жас жеткіншектерге сенім артқан. Сол сенімді бүгінде ұрпақтары ақтады ма? «Мен елім үшін не істей алам» — деген сұрақ әрбір көкірегі ояу қазақты мазалауы тиіс.Себебі өз елінің патриоты болатын азамат қана Отаны үшін көп еңбек сіңіріп,елі мен жері үшін отқа да, суға түсіп өз елінің бетке ұстар азаматы бола алады. Бірақ,елі үшін еңбек сіңірген адамдардың барлығының мақсаты елін биікке көтеруі болса ғой, әттең, өзінің абыройын ойлап, даңқы үшін ерен еңбектерге баратындар да бар ғой арамызда. Ал бұрын ше? Бұрынғының батырлары ақ найзаның ұшымен жерін қорғауға аттанғанда,өзіміз өлеміз – ау деп емес,артымда қалған халқымның жағдайы не болар екен? – деген үлкен толғаныспен аттанатын болған.

Ел болашағына үлес қосу дегеніміздің өзі, бүгінде тілді құрметтеу, туған тілдің құдіретін аса құнды мұра ретінде бағалау емес пе? Бірақ, бүгінгі таңда ана тілімізді кіршіксіз сүю, тағылымы мол қазақ тілін аялау жастарымыздың арасында жоғалып бара жатқандай. Сорымыз ба, бағымыз ба, білмедім, әйтеуір, қай қазақтың баласын көрсең де аузынан шүлдірлеген бір орысша сөз еститініміз рас. Одан қалса, батысқа еліктеп, салт-санамызда тіліміз бен бірге жоғалтып бара жатқандай. Қазақтың ұлы ақыны Абай бір сөзінде « Орыстан өнер үйрен, ғылым мен білім үйрен, бірақ сана-сезімі мен салт-дәстүрін, тәрбиесін үйренбе» — деген екен. Данышпан Абайдың ғибратты сөзінің ақиқаттығына екендігін көз жеткізіп отырмыз.

Енді қазіргі заманды, яғни, біз өмір сүріп жатқан кезді алайық. Біз өмір сүріп жатқан ғасыр — ақша мен мүліктің айрықша орында тұратын заманы. Бірін-бірі мал-мүлік үшін жоятын заман. Мен, өзім осы заманда өмір сүре отырып, замандастарымның тағдыры мен елімнің болашағына жиі алаңдаймын. Елдің арқа сүйер тұтқасы оның жастары. Сол себепті де жастар ел болашағы үшін жан-жақты ойланып, «елім үшін не істей алар екенмін» — деген өмір бойына үлгі етулер керек. Тағы бір айта кетер екінші мәселе – ол біздің дініміз. Барша жұрт сүйсініп қарайтын таза әрі әділ, тәрбиесі мол ислам атты дініміз бар. Бүгінде оның кіршіксіз тазалығы мен телегей тәрбиесі бұрмаланып, жастардың санасын улап бара жатқандай. Шариғаттың адал жолын улаған сол бір мұсылмандыққа қатысы жоқ, теріс ағымдар жастарды Алланың адал жолынан таюға мәжбүрлеп жатқандай.
Мен замандастарыма Отан үшін тер төгуге, оны сыйлап құрметтеуге біліміміз бен еңбекқорлығымызды, қайсарлығымыз бен батылдығымызды халқымыздың бейбіт те бақытты ғұмыр кешуіне арнайық дегім келеді.

Гүлнәр ТІЛЕШ