УИНСТОН СОҒЫСҚА АТТАНАДЫ

ІІІ бөлім.

1895 жылы Сандхерстті аяқтағаннан кейін Черчилль Кубада, Үндістан, Судан және Оңтүстік Африкада бой көрсеткен соғыс қимылдарына қатысып, алғашқы әдеби тәжірибе жинап қайтты. Оңтүстік Африкадағы Бурлармен соғыс оған біраз әсер сыйлап, тәжірибе берді: тұтқынға түсіп қалған жерінен қашып шыққан Черчилль газет бетіне шығып, біраз танымалдыққа қол жеткізді.

Сандхерсттегі Корольдік әскери академиясы Черчилль үшін өмірге алғашқы жолдама беруші есебінде болды. Бұған дейінгі оның мектептегі өмірі соншалықты көңіл қуантарлықтай болмағанымен, Сандхерстте Уинстон барғаннан-ақ өзін жақсы сезініп, тәуір жағынан көрсете білген еді. Бірақ әкесі лорд Рэндольф оның бұл жетістігіне немқұрайлы қарады. Ол шектен тыс мазасыз, ашушаң болып кетті. Мүмкін, бұл оның үшінші рет қайталанып отырған, бірте-бірте жүйке жүйесін зақымдап, ми қызметінің бұзылуына әкеліп соқтыратын ауыр кесел – мерезден жаны қиналып жүрген уақыты шығар. Бірақ Черчилль әкесінің бұл жағдайынан бейхабар еді.

1894 жылдың маусымында Дженни өзінің сырқат күйеуін алып, әлемнің өзі қалаған жеріне саяхаттауға аттанды. Соған қарағанда сырқаттың дәл сол кездегі денсаулық жағдайы барлығы үшін қалыпты секілді көрінген болу керек. Бірақ қараша айында оның жағдайының күрт нашарлағаны сондай, әкесі тіпті сөйлеуден қалды. Дженнидің саяхатты үзуден басқа амалы болмай, кері оралды. Лорд Рэндольф 1895 жылдың 24 қаңтарында қайтыс болды, үш күн болған марқұмның денесі Бленхейм сарайынан алыс емес Блейдонда жерленді.

 

МАЙДАН ДАЛАСЫН АҢСАУ

 Черчилль әкесі қайтыс болардан аз уақыт бұрын Сэндхерстте 130 баланың арасында жиырмасыншы болып емтихан тапсырған болатын. 20 ақпанда ол 4-інші атты әскер полкінің екінші лейтенанты рангасына қабылданды. Бұл Альдершотта орналасқан жеңіл атты әскердің танымал полкі еді. Альдершоттағы тәртіп жанға жайлы және ешкім ешқайда асықтырмайтын. Сағат 7:45-те «төсектегі таңғы ас», таңертеңгі екі сағаттық атқа шабу, күндізгі жаттығулар, ыстық ванна қабылдаудан, бильярд пен карта ойнаумен өткізілетін кештерден тұратын. Осының бәрі жас та жігерлі адамның бар талпынысын, күш-қуатының молынан жұмсалуын қанағаттандыра алмайтын. Уинстон Черчилль өткір сезімдер мен майдан даласын аңсайтын болды, маңызды оқиғалардың ортасында болуды армандады. 1895 жылғы шиеленісіп жатқан драмалық жағдайлар тым алыста болып жатқан. Кариб аралдарын 500 жыл бойы билеген Испания енді бар күшін салып, өзінен тәуелсіздік талап етіп, жан аямастан күресіп жатқан көтерілісшілерді Кубада тоқтатуға тырысып бағып жатты. Бұл шын мәнінде Черчилльдің арманындағыдай өмір еді, бірақ Кубаның соғысы жай оқиғадан да күрделі болып шықты.

4-інші атты әскер полкінде қызмет ету қымбат болатын, ал Черчилльдің ай сайын алатын әскери айлығы атты әскердің күнделікті тірлігіне қажеттіліктің үштен біріне де жетпейтін. Черчилльдің қаржылық мәселесін журналистика шешті. Ол «Daily Graphic» деп аталатын британдық газетті Кубадағы майданда болып, көзбен көргенін жазатын баяндамасы үшін ақы төлеуге көндірді. Сонымен қатар Черчилль әскерде қызмет етуші офицер ретінде кубалық кампанияға қатысын дәлелдеуге тиіс болатын, осы себепті ол статистикамен қоса соғыста қолданылып жатқан жаңа қарулар жөнінде де мәліметтер беріп отыруға келісті.

1895 жылы қазан айында Черчилль өзінің Реджиналда Барнс атты досымен Кубаға аттанды, Кунардағы пошта компаниясының «Этрурия» атты бумен жүретін кеме бортында жүзіп, үш апта өткен соң аралға жетті. Черчилльдің Кубадан жазған бес репортажы Британияда «У.С.Ч.-ның майдан даласынан жазылған хаты» деген атпен басылды. Соғысты өз көзімен көріп қайту жас репортерге өмір дәмін сезіндіріп қана қойған жоқ, өздерінің тәуелсіздігі үшін кубалықтардың қандай адам төзгісіз қиындықтар мен құрбандықтарға да бара алатынына көзін жеткізді. Черчилль «Шабуылдар мен қирату» стратегиясын қолданғанына қарамастан, кубалықтардың тәуелсіздік үшін күресі ақтап алуға тұратын әрекет. Ал Испан үкіметінің сыбайлас жемқорлыққа белшеден батқанымен қоймай, өздері кедейліктен арып-ашқан кубалықтарға ақылға сыйымсыз салықтар енгізуінің арты оларды көтеріліске шығарды» деп тұжырым жасады. Яғни Черчилль өзінің шыққан тегіне қарамастан, осы болып жатқан саяси оқиғаға қатысты либералдық позиция ұстанды. Өйткені ол біреулердің пікіріне еріп, солардың тасасына тығылғанды ұнатпайтын, сонымен бірге себепсіз бағыныштылықты жек көретін. Мұндай тенденция күндердің күнінде Черчилльдің парламенттегі саяси одақтастарының ғана емес, қарсыластарының да көңілтолмаушылығын тудырып, зығырданын қайнатқан еді.

Үш аптасын өткізіп Кубадан Англияға оралған кезде Черчилль қойны-қонышын толтырып гаваналық сигарлар алып келген еді, өмірінің соңына дейін Кубаның кофесі мен сирек кездесетін деликатес – гуавадан жасалған жабысқақ тәтті шырынды ұнатып өтті.

Кубада болған кезінде қауіп-қатердің әсерін сезініп, бұрын-соңды болмаған сезімді бастан кешірген Уинстон енді үнемі жаңа шайқастар туралы ойлай бастады. 4-інші атты әскер Үндістанға жорыққа шығуға тиіс болатын, бірақ оған Черчилльдің барғысы келмеді, олай етсе соғыстың нағыз қайнаған ортасынан әжептеуір алыстап кететіндей көрді өзін. Уинстон өзінің анасынан әскери мәселелер жөніндегі хатшы лорд Лансдаунмен таныстығын пайдаланып, оған ықпал етуін өтінді. Бірақ хатшы оған «егер Уинстон баспасөз оның Сандхерсттегі қылмысын жазып жатқан осы шақта Британияны тастап кететін болса, онысы дұрыс болмайтынын» ескертіпті.

 

ҮНДІСТАНДАҒЫ ЗЕРІГУ

Өз ойлағаны болмай көңілі түскен Черчилль 1896 жылы 11 қыркүйекте 4-інші атты әскер полкімен Үндістанға жүзіп кетті. Қазанда жүзіп жеткен полк Мадрастан батыс тұсқа қарай өтетін дөң арқылы жанға жайлы салқын климатты Бангалорға орналасты. Банголардағы өмірлері тым еркін болды. 5:00-де – таңғы ас, 6:00-де – шеру, оның артынан тағы бір таңғы ас берілетін, суға түскен соң қағаздармен азын-аулақ жұмыстар, одан соң таңертеңгі 8:00-де және 4: 15 тің аралығында жасалатын біраз жұмыстан соң поло ойнау басталатын. Мерекеге бергісіз осынау жайлы өмір Черчилль үшін уақытты пайдасыз текке өлтірумен бірдей көрінетін. Жарамсақтанған басқарушылары мен түземдіктері өте көп британдық Үндістан оған «көрсеқызарлық пен зерігудің нағыз құдай атқан жері» болып көрінді. 1896 жылдың аяғында Калькуттаға барған сапарын Черчилль «жоғары деңгейдегі ең қызықсыз адамдарға толы» деп суреттеді.

Оның бар ойы саяси мансапқа жету болғандықтан да, ол әрбір маңызды оқиғаны сол саяси қызмет баспалдағына апарар дайындық есебінде қарады. Ол 1897 жылы қол жеткізген бригада штабының жедел-шолғыншы-барлау бөлімінің бастығы лауазымы оның парламенттен орын алуына мүмкіндік береріне сенетін. Бірақ оның кейбір саяси либералдық бағыттағы көзқарасы, мысалы, түрік үкімет басқарушыларына қарсы бүлік шығарған Крит аралындағы грек көтерілісшілерін қолдағаны оның офицер-жолдастары арасында «сұмдық тақуалық» ретінде қабылданды.

(Жалғасы бар)

Үзінді «Черчилль. Ерекше тағдыр…»

 жарқын белестер кітабынан алынды.