УИНСТОН СОҒЫСҚА АТТАНАДЫ
Түріктер соғыс ашқан кезде Черчилль дәл осы мезетте әрекет етіп қалу керектігін ұқты және әскери тілші ретінде қосымша ақы талап ету керек деп шешті. Ол бір айға демалыс сұрап Еуропаға аттанды. Оның мінген қайығы Италияға енді жете бергенде түріктер гректердің әскерін жеңіп, шайқас аяқталып қалды. Ойлағаны болмай тұнжыраған Черчилль Британияға кері қайтып келіп, 1897 жылы 26 маусымда Бат қаласында Лиги бәйшешегі митингісінде алғаш рет саяси сөз сөйледі. Бұл лиганың негізін оның әкесі 1883 жылы тори идеясын тарату үшін қалаған болатын. Консерватизмнің либералды үлгісін соңғы үкімет қауіпті салаларда жұмыс істейтін, өндірістік жағдайда жарақат алған жұмысшыларға өтемақы төлейтіні үшін мақтап, күндердің күнінде жұмысшылар өздері бизнестегі акционерге айналып, жұмыс істеуіне мүмкіндік береді деп үміттендірген еді. Бұл расында да түбегейлі өткір пікір болғандықтан, аудиторияны шалқасынан түсіре жаздаған.
Бангалорға келгеннен кейін үш апта өткен соң Черчилль «Саврола» деп аталатын роман жазуға кірісті. «Саврола» — қиялдағы республиканың саяси құрылымы туралы шығарма. Черчилль сюжетін енді пісіргелі жатқан кезде Үндістанның солтүстік-батыс шекараларында Патан тайпасының адамдары шығарған бүліктерін басу үшін жақында арнайы құрылған әскери жасаққа бұйрық беруші сэр Биндон Бладтан хат алды. Черчилль сэр Биндонмен Британияға соңғы рет барып келген сапарында өзінің тәтесі, герцогиня Лилидің үйінде кездескен болатын.
Өзінің ойлағанына жақын қадам жасай бастағанына масаттанған Черчилль 29 тамызда Бангалордан шығып, 2175 мильден аса жер жүріп, шекараға аттанды. Оның анасы «Daily Telegraph» басылымына Черчилльдің жазған репортаждарын басып отыру туралы келісімге келді. Ал өзі Үндістандағы «Allahabad Pioneer» басылымына майданнан күн сайын телеграмма жіберу шаруасын мойнына алды. Бұл Черчилльдің журналистік ең озық қыры болып шықты, бірақ бұл жерде оның саяси көзқарастары басқалардан жоғарырақ, сонымен бірге тосындау көрінетін. Ол өзінің анасына: «Менің британдық әскери жасақпен әскери қызметте болғаным маған саяси салмақ қосатынына көзім жетеді… мүмкін, менің елдегі танымалдылыққа қол жеткізуіме де септігін тигізуі мүмкін» деп жазды.
Черчилль қыркүйектің басында Малакандтың солтүстік-батыс шекарасына жетті. Бұл таулы аудан Британдық Үндістанның аумағына қарайтын. Бірақ шекарадан әрірек жатқан афридтер мен ауғандар ешкімге тәуелсіз күн кешіп жатқан өздерін Британияның бақылауға алып, билемекші болған ниеттеріне тайсалмастан қарсылық көрсете бастаған еді.
Черчилль 1896 жылы Малакандта болған кезінде британ және үнді жасағынан құралған 50 000 солдаттың шекарамен шектес тайпалармен шайқасуына тура келді.
Бірақ бұл қауіп-қатер Черчилльдің албырт батылдығына әсер ете алмады. Генерал Бладтың соғысып жатқан Малаканд әскерінің екінші бригадаға қосылуы туралы бұйрығына сәйкес, Черчилль шайқастың нағыз қайнаған жеріне аттанды. Ол афридтер қаруынан ұшқан оқтың астындағы ең қауіпті ашық позициясын иеленді, ал британ жасағы кейін шегінген кезде ол соғыс даласын ең соңынан тастап шықты. Астаң-кестең болған соғыста жараланып қалған британ солдатын жарып тастамаққа оқталған афридтерге қарсы аянбай оқ атты, ал кейін сол соғыста жаралы сикханы (Үндістандағы дін өкілі) құтқарып алды.
Черчилль Малакандтағы соғысып жатқан әскердің қасында келесі айда да қалды. Ол барлық уақытын оқ пен оттың арасында өткізді, қанды қырғынға жиі қатысты. Шайқас аяқталған кезде екі жақтың да төбе шашыңды тік тұрғызатын сұмдық қатыгездіктерін көзімен көрген болса да, талай рет қанды қырғынның арасында жүргенімен, өзінің еш жерін оқ теспей аман-сау қалғанына таң қалды.
Өзі куә болған сұмдықтар тез ұмытылды. Бангалорға қайтып келгеннен кейінгі үшінші аптада ол солтүстік-батыс шекарасында өткізген уақытын оның өміріндегі «ең керемет, таңғажайып күндер» деп жазды. Ол осы кампания қатарынла жүріп ерлік көрсеткені үшін медаль алған кезде мерейі өсіп тұрды. «Мен басқа ештеңеге емес, ержүрек, батыр адам деген атаққа ұмтылам. Мен қауіп-қатер болған жердің бәрінде өзімнің мүмкіндігімді көрсете білгенімді сезінем», – деп жазды. Черчилль Малаканд сапарын «саяси өмірімнің бастауы үшін жақсы баспалдақ» деп тұжырым жасайды.