Үкіметте «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы қаралды
Бүгін Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында ҚР денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың 2017 ж. қорытындысы туралы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баяндады, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Жобалық басқару көрсеткіштері аясында «Еңбек өнімділігін арттыру» индикаторынан басқа 4 көрсеткішке қол жеткізілді. Мемлекеттік бағдарламаның 2017 жылға жоспарланған 123 іс-шарасының 122-сі орындалды, тек 1-уі орындалған жоқ.
Қоғамдық денсаулық сақтауды дамытудың бірінші бағытын іске асыру аясында 24 шара орындалды. Қызметтің институционалдық негізі құрылды, халықаралық серіктестермен бірлесіп әзірленген Жол картасы іске асырылып жатыр. Қоғамдық денсаулық сақтау бойынша негізгі жұмыс ең алдымен созылмалы инфекциялық емес аурулардың профилактикасына және халық арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған. Балалардың денсаулығын сақтауды сабақтастыру үшін мектеп медицинасы білім беру жүйесінен денсаулық сақтау жүйесіне берілді, сонымен бірге мектепте тамақтандырудың бірыңғай стандарттары мен суицидтердің алдын алу бағдарламасы енгізілуде.
Денсаулық сақтаудың барлық қызметтерін интеграциялау бойынша екінші бағыт аясында медициналық-санитариялық алғашқы көмекке қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар орындалды. Аталған шаралар ана, нәресте өлімі мен еліміз бойынша жалпы қатерлі ісіктерден болатын өлімді төмендетуге мүмкіндік берді.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 82-қадамына сәйкес үшінші бағыт бойынша міндеті жаңа стандарттарды, сондай-ақ медициналық көмек көрсету технологияларын бекіту және енгізу болып табылатын Сапа жөніндегі біріккен комиссия құрылды. Электрондық форматта көрсету арқылы мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен ыңғайлы болуын арттыру жұмыстары жүргізілуде. Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде халықтың медициналық көмекпен қанағаттану деңгейінің нысаналы индикаторы 46%-ке дейін өсті.
Төртінші бағыт аясында дәрілік заттардың қолжетімділігін, сапасы мен қауіпсіздігін арттыру көзделген. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық дәрілік заттарға арналған бағаларды реттеу туралы заң жобасы әзірленіп, Парламентке енгізілді. 2017 жылы отандық тауар өндірушілермен 25 жаңа ұзақ мерзімді шарт жасалды. Бұл заттай мәнінде отандық тауар өндірушілерден дәрілік заттарды сатып алу үлесін 48%-ке дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. ОТӨ көлемінің өсуі 33%-ті құрады немесе ақшалай мәнінде 45 млрд теңгені құрады.
Нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру және сатып алудың ашықтығын қамтамасыз ету 18,2 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік берді, олар дәрілік заттарды қосымша сатып алуға жіберілді. Жүргізілген іс-шаралар фармацевтикалық өнеркәсіптің физикалық көлемінің индексін 43%-ке арттыруға жол ашты.
Бесінші бағыт аясында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге дайындық жүргізілуде. 2017 жылы тәуекелдерге талдау жүргізілді және өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық санының жоғары болуына байланысты МӘМС-ты енгізу мерзімдері ауыстырылды.
Алтыншы бағыт — бұл адами ресурстарды басқару тиімділігі. Педиатрлар, акушер-гинекологтарды және басқа да қажетті мамандықтар бойынша практикаға жіберу шарттарының өзгертілуі есебінен дәрігер мамандар тапшылығы төмендетілді. Медициналық жоғары оқу орындарының жетекші шетелдік университеттерімен стратегиялық әріптестігі арқылы медициналық білімді жаңарту басталды. Университеттік клиника моделі әзірленді және медициналық ұйымдар университеттердің құрамына біріктірілген.
Жетінші бағыт аясында денсаулық сақтаудың инфрақұрылымын одан әрі дамыту мақсатында мемлекеттік-жекешелік әріптестік және заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологиялар негізінде денсаулық сақтау ұйымдары желісінің жаңа мемлекеттік нормативі бекітілді. Осы жылы Бірыңғай перспективалық жоспар бекітіледі. Денсаулық сақтауды цифрлық жаңарту мақсатында 4 өңірде (Қарағанды, Ақмола, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстары) медициналық құжаттарды пилоттық қағазсыз жүргізу іске қосылды, медициналық ұйымдарды ақпараттық жүйелермен қамту 75,5% құрады, компьютерлермен жарақтандыру 2,5 есе артты. 56% медициналық ұйымдарда интернет қолжетімді.
«Жалпы Мемлекеттік бағдарламаның 35 көрсеткішінің 30-ы орындалды, 5 – орындалған жоқ, оның ішінде 1-і МӘМС енгізу мерзімінің ауысуына байланысты орындалмады. Жалпы өлім және ана өлімінің көрсеткіштері бойынша жақсару байқалып отыр», — деп қорытындылады Е. Біртанов.