ҰЛАН-БАЙТАҚ ҚАЗАҚСТАН — ЖЫР-ӘНІМ

Менің Отаным – Қазақстан. Ұлан – байтақ, ұшы қиыры жоқ, байтақ Қазақстан. Туған Отан сезімі сана төріне сан түрлі ой, талғам толқынын әкеледі. Мына бір көрініске көз жіберіп көріңізші. Аспанмен таласқан ұшар басы сұлудың сәукелесіндей әдемі, аппақ қармен көмкерілген, қарақұсты көздеген мергеннің жебесіндей көкке тіке шаншылып, көкжиекке кеудесін тіреген асқар, алып шыңдар, тау төсін тауысша түрлендірген, сұлудың кірпігіндей кербез шыршалар Әйгерімнің әсем күлкісіндей сыңғырлай аққан бұлақтар , әсем әнімен , жаныңды тербейтұғын самал жел, сағымдағы шөлдер бәрі-бәрі таңғажайып. Алтын бесігім, Отанымның сұлулығын сыртқа шығару үшін бұл сөздер де тіл жеткісіз.

Бірақ осынау Отанымыздың басынан қаншама азап, қаншама қасірет, қаншама нәубет өтті. Сан ғасырлар көкірегінен мұң кетпеген, иығынан қасірет пен қайғы түспеген қазақ еліне тәуелсіздік оңай жолмен келген жоқ. Бірақ қазақ халқы өзінің тәуелсіздікке ұмтылған күресін бір сәтте тоқтатпаған. Ол күрес қолға қару алып, атқа қонудан бастап, ұлтжанды арыстарымыздың парасатты амал – айласы түрінде жалғасып отырады. Отан үшін, халқы үшін, қабырғасы қайысып, елі үшін еңіреген ер – азаматтар қай заманда да болған. Сонау «ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» өткен қазағымда Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай секілді батырлар, Кенесары тұсындағы заманда көтерілістер, ұлттық езгіге қарсы бас көтерген Созақ, Адай көтерілістер бұған дәлел.

Қазақ даласы бауырында талай мықтыларды туғызып, олардың өнегелі өмір жолына куә болған тарихи сахна. Осындай тарихи тұлғалардың ізі қалған киелі дархан даламыз қазақ үшін өткені мен бүгіні һәм келешегі. Онда ертеңгі күні қазақ ұрпақтары бейбіт өмір сүріп, билік ететін болады. Сондықтан да ол мәңгі. Мәңгі жасайды. Мәңгілік елге айналып, ғаламның тірегі атанады. Мәңгі жаса Ұлы Қазақ Елі!