ҰЛТ САНАСЫН ЖАҢҒЫРТҚАН «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ»
Елбасы Н.Назарбаев 2017 жылдың 12 сәуірінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты көлемді мақаласын ортаға салды.
Ондағы негізгі ой – бастау алған саяси және экономикалық жаңғырулар оза жүретін қоғамдық сананың жаңғыруымен қоса-қабат жүруі тиіс, бұл оларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналуы керек.
Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – өз мәдениетіңді, өзіңнің ұлттық кодыңды сақтау. Сондықтан да жаңа жаңғыру – бұл тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы. Сонымен бірге, рухани жаңғыру – ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының бірінші тұжырымдамалық «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы» тарауында қоғамды тұтастай алғандағы жаңғырудың әрі әрбір қазақстандықтың жаңғыруындағы алты бағыт
талданған.
2017 жылдың қыркүйек айында-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында министрліктер мен әкімдіктер ұсынған 1,1 мың жоба пысықталды, оларды нақты жүзеге асыру басталып кетті.
11 қыркүйекте мемлекеттік тілдің латын графикасындағы жаңа стандарты Парламенттің талқысына ұсынылды. Гуманитарлық пәндер оқулықтарының алғашқы пулы айқындалды, онымен жаңадан құрылған Ұлттық аударма бюросы шұғылданатын болды.
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» аясында республикалық мәндегі 100 және аймақтық мәндегі 500 нысан іріктеліп алынды.
«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша әдебиет, театр, кино, музыка мен хореграфия бойынша үздік шығармалардың тізім-парақшалары жасалды. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына
1,5 мың өтініш келіп түсті, олардан ашық дауысқа түсетін топтар құрылды.
Өнірлерде жалпыұлттық патриотизмді ғана емес, атамекенге деген сүйіспеншілікті насихаттайтын «Туған жер» бағдарламасы ерекше қарқынды жұмыстармен басталды. 2017 жылғы қыркүйек айының соңында Ақтөбе
қаласында әлемнің 20 елінен туған елдің дамуына нақтылы үлес қосуға дайынмын деп келіп, бас қосқан жерлестердің бірінші республикалық форумы өтті. Мұндай табысты ел азаматтарының қай өңірден болса да табылары сөзсіз.
Ұсынылған барлық жобалар әуелден-ақ жаңғырту үдерістеріне жол ашып, болашақ ұрпақ менталитетінің жаңаруын тездететініндей ойластырылды.
Жаһандық сын-қатер кезеңіндегі Үшінші жаңғырудың басталуын айғақтайтын мемлекет пен қоғам жаңаруының кең көлемдегі үш үдерісі қанат жайды. Қазақстан өз дамуының жаңа тарихи кезеңіне аяқ басты.