ҰЛТАРАЛЫҚ ТАТУЛЫҚ БІЗДІҢ БАСТЫ БАЙЛЫҒЫМЫЗ БОЛУЫ КЕРЕК
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен онлайн-форматта Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің отырысы өтті. Жиынға Шымкент қаласының әкімі, қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы ретінде онлайн қатысты.
Бейне байланыс арқылы өткен кеңес отырысында Елбасы, ҚХА төрағасы Н.Назарбаев қатысушыларды Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойымен құттықтады.
– Баршаңызды осы мерекемен құттықтаймын. Мерейтойлық меже өткенге көз жүгіртіп, атқарылған жұмысты қорытындылауға себеп болып отыр. Ассамблеяның қандай қиын уақытта құрылғанын бәріміз білеміз. Бұрынғы КСРО-ның ыдырауы, Тәуелсіз мемлекеттер достастығының қалыптасуы, тарихи шиеленісті, ертеңгі өмірге деген сенімсіздік заманында құрылды. Бірақ, біз дәл сол кезде өзіміз үшін бір нәрсені қабылдадық. Ұлтаралық татулық біздің басты байлығымыз болуы керек, — деді Елбасы.
Айта кетейік, отырысқа ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, кеңес мүшелері, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, Парламент депутаттары, этнобірлестіктердің төрағалары қатысты.