ҰЛТАРАЛЫҚ ТАТУЛЫҚ — ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ
Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан дамуының 2030 жылға дейінгі стратегиясында ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету мен қоғамды біріктірудің негізгі бағыттарын анық айқындап берді, олар: 1) еліміздегі барша азаматтардың тең мүмкіндігіне негізделген біртұтас азаматтықты дамытуға кепілдік жасау; 2) ұлтаралық алауыздық себептерін жою; барлық этностық топтардың тең құқылығын қамтамасыз ету; 3) ұзақмерзімдік болашақта саяси тұрақтылықты, сонымен қатар қоғамның бірігуін қамтамасыз ететін дәулетті Қазақстанның қалыптасуына жігерлі түрде атсалысу; 4) әртүрлі конфессиялар арасындағы өзара сыйластықты, төзімділік пен сенімді күшейту. Жалпыұлттық келісімге қол жеткізуге бағытталған салиқалы ішкі саясат өзінің оң нәтижесін берді. Егер 1993 жылы еліміздің әрбір төртінші тұрғыны ұлтаралық қарым-қатынастың шиеленісуіне алаңдайтын болса, 1997 жылы мұндай азаматтардың саны 6 проценттен аспаған. Қазақстандықтар билік өкілдерінің іс-қимылы Конституция мәлім еткен бағытқа сәйкес екендігіне, сол себепті қауіп-қатерге еш негіз жоқтығына көз жеткізді. 1996 жылы желтоқсанда ЕҚЫҰ мен оның аз ұлттар жөніндегі комиссары Ван дер Стул: «Қазақстан ұлтаралық қарым-қатынастарды үйлестіруге байланысты жүйелі саясат жүргізіп отыр», – деп бекер айтпаса керек.
Біздің еліміз адам құқы бойынша 160-тан астам негізгі халықаралық құқықтық құжаттарға қосылған. Олардың ішінде Копенгаген құжаты (біз оған 1992 жылы қосылдық), білім беру саласындағы азшылық ұлттардың құқы турасындағы Гаага ұсыныстары (1996), азшылық ұлттардың тілдік құқы турасындағы Осло ұсыныстары (1998), азшылық топтардың қоғамдықсая си өмірге тиімді араласуы турасындағы Лунд ұсыныстары (1999) және т.б. Осылайша Қазақстан әуел бастан қай ұлттан шыққанына қарамастан, барша азаматтардың мүдделерін, құқы мен міндеттерін өзара үйлесімде ұстауға негізделген бағыт ұстанды. Ал оның ұстыны – алғашқы күннен елдегі ұлт аралық сенімнің бірегей үлгісін қалыптастырған қазақ халқының төзімділігі болды.