ҰЛТТЫҚ КӘСІПКЕРЛІКТІҢ ПАЙДА БОЛУЫ
«Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптастыру мен дамыту стратегиясының» басым бағыттарының бірі – қолайлы бизнес-ахуал қалыптастыру болды. Қазақстан ТМД елдері арасында алғаш болып кәсіпкерлерге жүйелі түрде қолдау көрсетті. Н.Назарбаев 1992 жылдың 5 мамырында Қазақстан Республикасында кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың 1992-1994 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын мақұлдады. Шілде айында «Жеке кәсіпкерлікті қолдау және қорғау туралы» заңға қол қойылды. Ал жыл соңында Қазақстан кәсіпкерлерінің бірінші форумында Елбасы бизнесмендермен кездесіп, олармен жаңадан пайда болған ұлттық бизнес-қоғамдастық алдында тұрған көкейкесті проблемаларды көзбе-көз, ашық талқылады.
1991-1992 жылдарда елде әртүрлі қызметтермен айналысатын 34 мыңнан астам жаңа фирма пайда болды. Жаңа кәсіпкердің образы – бақуатты, үлкен үйде тұратын, шетелдік көлік мінетін жеке фирманың қожайыны және шетелде демалатын адам түріне енді.
1990 жылдарда «ала дорба» бизнесі кең етек алды. Ондаған мың адам басын қатерге тігіп, алыс және ақын шетелдерден – Қытайдан, Ресейден, Түркиядан, Қырғызстаннан, Пәкістаннан тауар сатып әкеле бастады. Тұрғындардың тұтыну қабілеті жаппай төмендеген кезде мұндай сауда-саттық тауарға деген сұранымды біршама қанағаттандыра алатын, сондай ақ шағын кәсіпкерлікті одан әрі дамытуды ынталандыратын.
Барша жанама әсерлері мен кінәраттарына қарамастан, бұл бизнес қалай десе де жағымды құбылыс еді. Бастамашыл саудагерлер тұтыну нарығын толтырып, тауар мен қызмет түрлеріне деген сұранымды қанағаттандырды, коммерциялық жұмыс тәжірибесін игерді, өздері мен отбасына ақша тапты, сондай ақ, бір жағынан жұмыссыздық проблемасын шешті.