ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯЛАР ЕЛДЕГІ ЭКОНОМИКАНЫҢ ТІРЕГІ

Өнеркәсіптік кәсіпорындарды жекешелендіру бізді экономикалық саладағы ұлттық мүдделерді қорғау шараларын іске асыруға міндеттеді: ұлттық экономикамыздың іргетасы іспетті қоғамымыздың игілігіне айналған өндіріс орындары, сонымен қатар қашанда мемлекеттің басты назарында болатын табиғи монополиялар салалары қорғалуы тиіс еді.

Н.Назарбаев 1998 жылдың шілдесінде «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» заңға қол қойды. Өндірістің технологиялық ерекшелігіне байланысты, бәсекелестікке жағдай тудыру мүмкін болмағанда немесе бұлай етудің еш қажеттігі жоқ кезде табиғи монополия болатыны осы заңнамалық актіде көрсетілді. Табиғи монополияға: темір жолдар, мұнай мен газды тасымалдауға арналған құбыр жүйелері, электр және жылу желілері, телекоммуникация, авиация, әуежайлар, атом өнеркәсібі, сумен қамтамасыз ету, пошта байланысы жатқызылды. Аталған салалардың маңыздылығын ескере отырып,  олардың әрқайсысынан – бақылау пакеті мемлекет меншігінде болатын ұлттық компаниялар жүйесін құруға шешім қабылданды. Коммерциялық пайда табуды көздейтін мақсаттардан басқа, мұндай компаниялар коммерциялық емес, яғни мемлекет және қоғам қажеттіліктерінен туындайтын әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық мәселелерді шешуді міндетіне алады. Осылайша, 1997 жылы салалық нарықта жетекші рөл атқаратын негізгі ұлттық компаниялар құрылды. «Мұнайгаз» мемлекеттік компаниясы «Қазақойл» ұлттық компаниясы болып қайта құрылды. «Оңтүстікмұнайқұбыры» мен «Орта Азия және Қазақстан магистралдық мұнай құбырлары» өндірістік бірлестіктерінің бірігуі нәтижесінде, кейіннен «Қазтрансойл» болып атауы өзгерген «Қазақмұнайқұбыры» Ұлттық компаниясы пайда болды. Алматы, Целинная және Батыс Қазақстан темір жолдары қарқынды даму жолына түскен экономикамызға сапалы көлік-логистикалық қызмет көрсету үшін құрылған «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қол астына кірді. Елдің бірыңғай электр энергетикалық жүйесі KEGOC (Kazakhstan Electricity Grid Operating Company) акционерлік қоғамының басқаруына берілді. «Волковгеология» геологиялық барлау компаниясы, үш кен басқармасы (Далалық, Орталық, Алтыншы) және Үлбі металлургия зауыты, уранды және оның қосылыстарын, сирек металдарды, атом стансаларына арналған ядролық отындарды, арнайы жабдықтарды, екі мақсатта қатар қолданылатын материалдар мен технологияны – барлау, өндіру, қайта өңдеу және экспортқа шығарумен айналысатын «Казатомпром» ұлттық компаниясы құрамына кірді.