ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІНІҢ БАС ҚАЛАСЫ

Ақорда күмбезіндегі алтын қыран, Қазақ елі монументінің басындағы киелі Самұрық құс, дәстүрлі қазақ үйінің сұлбасын еске түсіретін Тәуелсіздік сарайы және, көне аңыздарға арқау болған Бәйтерек – Астананың осы және басқа да көптеген көрікті жерлері ұлттық мифологиямен, халықтың тарихи жадымен тығыз байланысты. Ұлы тарихи қайраткерлердің есімдерінсіз Астана топонимикасын көзге елестету мүмкін емес. Оның көшелерінде туған жердің тарихы ежелгі жауынгерлердің мүсін-тұлғаларында, аңыз қаһармандарында, тотемдік жан-жануарлардың бейнесінде қайта тірілгендей болады. Астананың сәулеттік келбеті сан түрлі ұлт өкілдері мекендейтін қаланың еуразиялық болмысынан хабар береді, шаһардың жай механикалық бірігу жолымен емес, дүниенің төрт құбыласы – Батыс пен Шығыс, Солтүстік пен Оңтүстік мәдениеттерінің үйлесімінен туғанын айғақтайды.

Он жылдан астам уақыттан бері әлемдік деңгейдегі зор оқиғалардың куәсі болып келе жатқан Тәуелсіздік сарайының өн бойынан келісті сәулеттік шешім мен ішкі функционалды жан-жақтылық өзара жарасым тапқан. 2006 жылы күллі әлемге мәшһүр британ сәулетшісі Норман Фостердің жобасы бойынша салынған, биіктігі 62 метрге жететін алып ғимарат – Бейбітшілік және келісім сарайы Астананың мәдени өмірінің нағыз орталығына айналды. Оның ішіне кітапхана, музей, тіпті театр да сыйып кеткен. Түрлі елдердің дін қайраткерлері өздерінің дәстүрлі кездесулерін өткізу үшін осы Бейбітшілік және келісім сарайын таңдайды. Н.Фостер Астанада бұдан басқа тағы екі бірегей жобаны жүзеге асырды – 2010 жылдың шілдесінде ашылған алып күмбезі бейнесіндегі «Хан Шатыр» архитектуралық ансамблі және пішіні аса зор көз ұясына ұқсайтын Назарбаев орталығының ғимараты (2013 жылдың желтоқсан айында ашылды). 2009 жылы «Қазақ елі» сәулет кешені салтанатты түрде бой көтерді. Ұшар басына жеңімпаз Самұрық құс келіп қонған, көкке ұмтылған маңғаз мұнара Қазақстанның бүгінгі келбеті мен ертеңгі күнін бейнелейді. Осынау ғаламат кешен қазақ жазирасының кеңдігінен, ұшы-қиыры жоқ дала тұрғындарының дарқандығынан хабар береді. Қазақ елі монументінің негізінде қазіргі заманғы Қазақстан тарихының жарқын беттерін ашатын айшықты бедер жатыр. Сонымен қатар, монумент Еуразия кіндігінде жаңа мемлекеттің дүниеге келгенін паш етіп тұр.

2014 жылдың 24 желтоқсанында тұсауы кесіліп, Ақорда деген атауға ие болған ел Президентінің ресми резиденциясы үш жылдан астам уақытта салынып бітті. Көк түсті күмбезбен көмкерілген көрікті ғимарат өзінің классикалық сұлулығымен атам заманғы айбынды сарайларды еске түсіреді және дүние жүзіндегі президент резиденцияларының ең көркем «ондығына» еркін енеді. Ғимарат Астана сәулет кешенінің күретамыры іспетті түзу сызықтың дәл ортасында орналасқан «Хан Шатыр» – «Бәйтерек» – «Ақорда» – «Бейбітшілік және келісім сарайы» – «Қазақ елі»… Кешеннің сәулеттік кескінінде Ұлы дала дәстүрлерімен сабақтастық идеясы, сондай-ақ еуразиялық мәдениетті, толеранттылықты алға шығару мақсаты мен қуатты Қазақстан мемлекетін қалыптастыру ниеті өзара тоғысып жатыр. Елорданың ең ерекше ғимараттарының бірі – «Қазақстан» концерт залы. Итальян сәулетшісі Манфреди Николеттидің жобасы 2010 жылы Ақорданың маңынан орын тепті. Оның сыртқы сұлбасы енді ашылып келе жатқан дала гүлін көзге елестетеді. Бұл – италиялықтардың елорда құрылысындағы жалғыз қолтаңбасы емес. Ренато Аркетти қазіргі заманғы әлемдік сәулет өнерінің үздік жауһарларынан еш кем түспейтін «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының ғимаратын салды (2013 жылдың маусым айында ашылды). Сол жағалаудың салтанатты реңкіне сән үстей түскен сәулетті ғимарат – ақшаңқан қабырғалары мен алтын күмбезі көз қарықтыратын «Нұр-Астана» мешіті (2005 жылы салынған). Діни қауым мүшелері мен жалпы келушілерге әрдайым есігі ашық православиелік Свято-Успенский шіркеуі, Рим-католик шіркеуі, «Бейт Рахель – Хабад Любавич» синагогасы, сондай-ақ басқа да дін ғибадатханалары жұмыс істейді. 2008 жылы Тәуелсіздік алаңында Әзірет Сұлтан мешітінің құрылысы басталды. Төрт жылға созылған жұмыс тура Астана күнінде – 2012 жылдың 6 шілдесінде аяқталды.

Қала құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ол өзіне ғана тән қайталанбас ырғақпен өмір сүріп келеді. Жаңа астанамыздың жылнамасы әрі қарай жалғаса бермек. Бұл жерде жаңа ғасырдағы төл тарихымыздың шежіресі жазылуда.