«ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖЕТІ ҚЫРЫ» — ҰЛТТЫҚ ТАРИХТЫҢ ҰЛЫҚТАЛҒАН ТҰСЫ

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы тарихи сананы одан әрі жетілдірудің заманауи үлгісін ұсынып, «Ұлы даланың жеті қыры» атты еліміздің болашаққа бой сермей­тін, бағдарын айқындайтын, халықтың сенімділігін арттырып тарихи санасын жаң­ғыртуға жаңаша жол ашатын тың бас­тамалар негізіндегі мақаласын жариялаған еді. Бұл мақала «Қазақстан – 2050», «Мәдени мұра», «Мәңгілік Ел», «Халық тарих тол­қынында» және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» стратегияларымен үндесетін тарихи-мәдени серпілістің айқын көрінісі, отандық патриотизмді, ұлттық сананы жандандыратын, халқымызға рух беретін құжат деуімізге болады.

Елімізде қоғамдық-саяси жаңғыру өз кезегінде рухани қайта түлеу не­гізінде жалғасын тапқан сәтте, тәуелсіз еліміздегі азаматтардың тарихи санасын қалыптастыра отырып, Ұлы дала тарихының қазыналарын толық­тыру және егемен еліміздің жаһандық тарихтағы өзіндік орнын айқындау мемлекеттік саясат­тың басым бағытының негізгі көрсет­кішіне айналды. Елбасының аталған бағдарламалық мақаласында айтылған ұлы даланың жеті қыры және тарихи сананы қалыптастыру жолындағы игі бастамалары тарихшылар үшін жылдар бойы қалыптасқан бағыт-бағдарына жаңа серпін бере ­отырып, абыройлы міндет те жүктеп отыр. Рас, ұлтымыздың тарихы бір-екі ғасырлық тарихи оқиғалардан тұрмайды. Сақ, ғұн, түркі дәуірі мен моңғол шапқын­шы­лығы тұсындағы тарихи оқиғалар қазақ жерімен тығыз байланысты. Осындай сан ғасырлық тарихи үдеріс­тер барысындағы өткен оқиға­лар­дың желісі мен мағынасы – бүгінгі ұрпақ үшін үлкен сабақ, тарихи тағылым.

Ұлы Дала жерін түрлі тарихи кезеңде мекен еткен тайпалар мен олардың құрған мемлекеттері қазақ тарихының ажырамас бөлшегі болып табылады. Көшпелілікті өмір салты етіп таңдап алған ата-бабаларымыз ұзақ ғасырлар бойына өзіндік ерекшелік пен бірегейлікке құрылған мәдениеттің негізін қалап, өркениеттілікке қол жеткізе алды. Алайда бабаларымыздың бұл жетістіктері ескерусіз қалып, тіпті мойындала да қойған жоқ. Өркениет пен мәдениеттің бас­тауын Еуропадан іздеген еуроцентристтік зерттеушілер көшпелі қоғамды жабайы қоғам ретінде елестетіп, өркениеттен гөрі тағылыққа жақын деп санады. Бұл бір жақты пікірдің шындыққа жақын емес екендігін кәсіби тарихшылар терең түсінгенімен, еуроцентризммен санасы шырмалған қалың көпшіліктің көзқарасын толықтай өзгерту ісі әлі де болса жүйелі шешімін таппай келгендігі шындық.

Сөзсіз осы тұрғыда Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласының жарық көруі аталмыш бағыттағы жұмыс­тарды бір жүйеге келтірді. 2014 жылы Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде Елбасы «Қазақтың ұлттық тарихы – теңдессіз тарих» деген болатын. Рас, ұлтымыздың тарихында бүгінгі ұрпақ қымсынып, ұялатын ешқандай оқиғалар жоқ. Керісінше, халқымыздың дүниетанымының негізі болған көшпелі бабаларымыздың қоршаған орта мен дүниеге деген көзқарасы, ұлан-ғайыр атырапты сақтап қалу жолындағы ерлікті әрекеттері, жауынгерлік рух пен адамгершіліктің бас­ты қағидаттарын ұстануы тек мақтауға лайық. Қазақстан территориясы ежелден адамзаттың мекен еткен тұрағы. Оның дәлелі бүгінгі археология саласындағы жетістіктер деп айтуға толық негіз бар. Бабаларымыз алғаш болып жылқыны қолға үйретіп, сол заманның анық мықтыларына айналды. З.Сәбитованың «Тюркский кентавр: языковые ствидетельства в русском языке» атты мақаласында сақтар, массагеттер мен сарматтар, ғұндар мен аландар жылқыны алғашқы болып әскери салада пайдаланып, б.з.д. VII ғасырдың өзінде-ақ Таяу Шығыс пен Шығыс халықтарын өздеріне бағындыра алғандығын айтады. Бес қаруын асынып, жылқы үстінде отырған бабаларымызды көрген еуропалықтар өздерінің мифологиясына кентавр, яғни адам денелі жылқы бейнесін енгізді. Ал жылқыны соғыс құралы ретінде пайдалануды үйренсе де, еуропалықтар ғұндардан жеңілуге мәжбүр болды. Оның себебін қарастырған зерттеушілер ғұн әскерінің ат әбзелдерін ұтымды пайдалануында деп тапқан екен. Нақтырақ айтқанда, ат үстіндегі сарбаздың тепе-теңдігін қамтамасыз етіп, аттан құлап қалмауына жағдай жасайтын үзеңгіні пайдалануы. Демек, тек жылқы ғана емес, ­сонымен қатар көшпенділер қажеттілікке сай ат әбзелдерінің де шебер ойлап табушылары болды. Көшпенділер құрған мемлекеттердің өзіндік ерекшелігі болды. Сондықтан болар оларды толыққанды мемлекет ретінде еуроцентристтік зерттеушілер мойындай қоймайды. Бірақ мұндай ерекшеліктер тек көшпенділер ғана емес, ерте ортағасырлық барлық мемлекеттерге де тән құбылыс болды. Сондықтан тарихымыздағы осы іс­петтес артықшылықтарымыз және же­тіс­тіктеріміздің кәсіби тарихшылар ғана емес, мемлекеттік деңгейде көтерілуі ұлт тарихына деген жаңа серпін әрі қозғалыс берері сөзсіз. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақала­сының жарық көруі ұлт тарихының ұлық­талған тұсы.