ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ АРДАГЕРЛЕРІНЕ 1 МЛН ТЕҢГЕДЕН БЕРІЛЕДІ

Түркістан облысында қазіргі уақытта Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 28 ардагер тұрады. Жеңістің 76 жылдығын мерекелеуге байланысты олардың әрқайсысы 1 млн теңге көлемсінде біржолғы төлем алады. Сондай-ақ Екінші дүниежүзілік соғыстың қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген 214 тұлғаға біржолғы материалдық төлем қарастырылған.
Жалпы, Түркістан облысыны бойынша 6808 ардагерге Ұлы Жеңіс мерекесінің құрметіне бір реттік материалдық көмек төлеу үшін аудандық, қалалық бюджет есебінен 233,2 млн теңге қаржы бөлінді. Төлемдер 4 мамырға дейін толық аяқталады. Оның ішінде:
— 28 Ұлы Отан Соғысына қатысушылары мен мүгедектеріне – 1 млн.теңге теңге;
— 6722 тыл еңбеккерлері мен қаза болған жауынгердің жесірлеріне – 30 000 теңге;
— 55 блокадалық Ленинградтың тұрғынына, соғыста қайтыс болғандардың жесірлеріне – 60 000 теңге;
— 3 кәмілетке толмаған бұрынғы тұтқындарға, ҰОСҚ,ҰОСМ теңестірілген басқа да санаттарға – 100 000 теңге белгіленді.
Түркістан облысы бойынша Екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлерінің бейнесімен билбордтар орнатылады.
Сонымен қатар, Түркістан облысының барлық аудан, қалаларында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес соғыс ардагерлерінің үйлеріне барып, құттықтау шаралары жүргізіледі. Ардагерлер ұйымдарының төрағаларымен бірлесіп өткізілетін шара барысында карантин талаптары қатаң сақталады. Онда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің атынан ардагерлерге құттықтау тілегі жеткізіліп, сый-құрмет көрсетіледі.
Облыс бойынша Ұлы Отан соғыс ардагерлері тұрғын үймен толық қамтамасыз етілген. Сауықтыру шараларын жүргізу мақсатында соғыс ардагерлеріне жасақталған әлеуметтік картаның нәтижесінде денсаулық сақтау саласы тарапынан 28 ардагердің үйіне барып, қажетті медициналық қызмет көрсетілді. Диспансерлік тексеруден өткізілді.
Жыл сайын облыстың тарихи және мәдени ескерткіштерінің техникалық жағдайына мониторинг жүргізіліп, тиісінше жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүзеге асырылуда.
Облыс бойынша 315 ескерткіш, 78 мемориалдар, монументтік кешендер бар. Бүгінгі таңда олардың бірқатары жаңартылуда.
Жыл сайын аға ұрпақ өкілдерін сауықтыру мақсатында 7,8 мың жекелеген санаттағы азаматтар демалып, емделеді (Ардагерлер үйінде-4000, «Мейір»ардагерлер үйінде -3800 соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілгендер, зейнеткерлер).
Бүгінгі таңда әлеуметтік қашықтықтың сақталуына байланысты 7800 орынға ардагерлердің 50% жайғастырылып, яғни 3900 зейнеткер денсаулығын түзетуге мүмкіндік алуда.
Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғаларға басымдық беріліп, бірінші кезекте аталған демалыс орындарына жолдама берілетін болады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі