ҮМІТТІ ҮЗДІРМЕГЕН ДӘРІГЕР

Бұл оқиға Кеңестік қирандыдан енді шығып жатқан жоқ-жұтаңдау кезде болған көрінеді.

Ауыр жағдайдағы науқас. Күн сайын ауруана терезесінен телміріп, дерті дендеп, жағдайы жақсармай, бірсарынды күндері өтуде. Үмітінен күдігі басым. ‍Дәрігер келіп күнделікті жағдайын бақылап, дәрісін беріп кетеді.

Дәрі де таусылды. Іздегені табыла қояр «ұзын арқан, кең тұсау», етек-жеңі кең қазіргі күндердей емес. Тапшылықтың тапжылтпай тұрған кезі. Дәрінің құтысына қарапайым су құйып беріп жүреді. Науқастың үмітін үздіргісі келмейді.

— Жағдайыңыз алдыңғыға қарағанда тәуір. Жазылып келесіз , — деп жылы сөзін айтып, жанын жадыратпаққа тырысады.

Бірақ, әр келген сайын науқастың терезеге қарап, ойға батып жатқанын көреді. Күзгі мезгіл. Сарғайған жапырақтары түсе-түсе таусылуға айналған алып ағаштан өзге терезеден ештеңе көрінбейді.

Дәрігердің де назарын сыртқа аударып, ағашқа қарап тұрғанын сезген науқас:

— Дәрігер, жапырақтарға қарашы, күн сайын азайып келеді. Бір күні жапырақ та таусылар, сонда мен де аттанып кетермін,-  депті.

Бұл әңгіме дәрігердің жанына батты. «Жапырақтың түсіп таусылатыны ақиқат. Ал, үмітті қалай үрлеуге болады?» деп ойлана келе шешімін тапты. Жан баласына білдірмей ағаштағы үш-төрт жапырақты түспейтіндей етіп мықтап байлап қойды.

Науқас терезеге қараған сайын жапырақтардың әлі де орнында екенін көріп, «Е, менің әлі де татар дәм-тұзым бар екен»  деп сеніпті.  Бойына дертті жеңіп шығардай күш жинап, айығып, ауруханадан шығыпты.

Бұл жайды талай жыл антына адал болып, зейнеттік демалысқа шыққан дәрігерден есіттім.

Сенім деген ұлы сезім, адамды сендіре алсақ тау қопарып, тасты бұзады. Дәрігердің «Жазыласыз, жақсы болып кетесіз»  деген жалғыз ауыз сөзі-ақ емнің жартысы.

Дәрігердің ДӘРУІ дәрісінде емес, сөзінде, ықылас-пейілінде, қамқор көңілінде, мейірімді жүрегінде, жақсы тілегінде.

Нұрила ШЫНӘДІЛ.