ҰРПАҚ ҚАМЫН ҰЛТ БОЛАШАҒЫМЕН БАЙЛАНЫСТЫРҒАН АНАЛАР

Шымқала төрінде бас қосты

Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербейтін аналардың өткен күннен алған өнегесі әрқайсымызға қажет-ақ. Ежелден тәрбие мектебінің іргесін берік қалаған бабалар қызды ұлттың ұятына баланған. Қыз күнінде құрметтеп орнын төрден берген. Келін түскенде ұлына қарата «Қарағым, балам, жарыңды сыйла, ол сенің ұрпағыңның анасы» деп сый көрсеткен. Айтатын сөзін тіке айтпай, «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда» деп жұқартып жеткізген. Ал, жасы егде тартқанда «Жәннат – ананың табанының астында» деп ардақтаған. Осынау үзілмеген үрдіс бүгінге дейін жалғасын табуда.

«Дәстүрге жол» әжелер, аналар алқасының ұйымдастыруымен Шымкент қаласында ұл-қыз тәрбиесі, отбасы берекесі жайлы тамаша семинар-тренинг болып өтті. Арнайы қонақтар Айшолпан ханым мен Индира ханым кеш бойына ер азаматтарды сыйлау, ананың орны, отбасындағы сыйлыстықты сақтау, берекені арттыру жөнінде білгендерін ортаға салды.

Зәмзәгүл қажы апа, Шымкент қаласы:

  • Қымбатты жақсылар, Алланың қалауымен бұл кездесу өте керемет болып өтті. Бұл кездесу – ұлы жолдың басы, үлкен жақсылықтардың алды болсын! Алла бізге осы жолда Қазақ деген ұщлы халықтың игілігіне бірігіп, бір қолдың саласындай, бір адамның баласындай бірігіп жұмыс істеуге нәсіп қылсын. Жастарға өткеніміздің, салт-дәстүріміздің мәйегін таныстырып, қазақтың сөз саптауының кереметін ұғындыру жолында өлгенімізді тірілтіп, өшкенімізді жандырайық.  Осы «Дәстүрге жол» тобын құрып отырған Айнұр Жүгінісова ханымға айтар алғысымыз шексіз. Халыққа қызмет істеудің үлгісін көрсетіп отыр. Қазіргідей алмағайып заманда әр қазақтың әйелі, қыздарының жүрегіне жол тауып, жылу сыйлап жүрген қыздарға рақмет. Алла бәрінің отбасына кетпес дәулет, кең пейіл берсін!

Зередей зерделі, Ұлжандай ұлағатты аналардың тәлімінен сусындаған Абай әлемге ортақ тұлғаға айналды. Аналарымыз сауатты, салт-дәстүрге жетік болған сайын балаларымыздың да бағы ашыла түсері сөзсіз.

Нұрила ШЫНӘДІЛОВА