ҮШ ТҰҒЫРЛЫ ТІЛ — ДҮНИЕ ДҮРМЕГІНЕН ҚАЛМАУДЫҢ АЛҒЫШАРТЫ

«Бір қарағанда, жер жүзіндегі миллиардтан астам адам өзінің туған тілімен қатар, кәсіби байланыс құралы ретінде жапатармағай оқып жатқан ағылшын тілін біздің де жаппай және жедел үйренуіміз керектігі еш дәлелдеуді қажет етпей­тіндей. Еуропалық Одақтың 400 миллионнан астам тұрғыны ана тілдері – неміс, француз, испан, итальян немесе басқа да тілдерді сыйламай ма? Әлде 100 миллиондаған қытай мен индонезиялықтар, малайлар ағылшын тілін еріккеннен үйреніп жатыр ма?» — деген еді Елбасымыз «Рухани жаңғыру» мақаласында. Бабалардың «Қанша тіл білсең — сонша адамсың» дегені — кемел ойлаудың көрінісіндей.

«Бұл – бәзбіреулердің әншейін қалауы емес, жа­һандық әлемге еркін кірігіп, жұмыс істеудің бас­ты шарты. Бірақ, мәселе бұған да тіреліп тұрған жоқ. Са­наның ашықтығы зерденің үш ерекшелігін біл­діреді. Біріншіден, ол дүйім дүниеде, Жер шарының өзіңе қатысты аумағында және өз еліңнің айналасында не болып жатқанын түсінуге мүмкіндік береді. Екіншіден, ол жаңа технологияның ағыны алып келетін өзгерістердің бәріне дайын болу деген сөз. Таяудағы он жылда біздің өмір салтымыз: жұмыс, тұрмыс, демалыс, баспана, адами қатынас тәсілдері, қысқасы, барлығы түбегейлі өзгереді. Біз бұған да дайын болуымыз керек. Үшіншіден, бұл – өзгелердің тәжірибесін алып, ең озық жетістіктерін бойға сіңіру мүмкіндігі», — деп сабақтайды ары қарайғы ойын. Бұл пікір қоғам арасында үлкен қолдауға ие болды. Ағылшын тілі — әмбебап тіл. Еліміздің тарихында болып жатқан әлеуметтік — экономикалық, мемлекеттік зор іс-шараларды өткізуде де біздің арқа сүйеріміз — ағылшын тілі. Әлемдегі көптеген елдер ағылшын тілінде сөйлейді. Күн сайын емес, сағат сайын өңі өзгеріп, түрленген дүиенің дүрмегінен қалып қоймау үшін ағылшын тілін білудің маңызы зор.