«ҮШ ТҰҒЫРЛЫ ТІЛ» ИГІЛІКТІ ИДЕЯСЫНЫҢ НЕГІЗГІ МӘНІ

«Үш тұғырлы тіл» туралы идеяны Елбасымыз 2006 жылдың қазан айында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясында ХІІ құрылтайында жария етті. Ал 2007 жылғы «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты халыққа жолдауында «Тілдердің үштұғырлылығы» атты мәдени жобаны кезең-кезеңмен іске асыруды ұсынды. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазіргі заманғы қазақстандық үшін үш тілді білу — әркімнің дербес табыстылығының міндетті шарты. Сондықтан 2020 жылға қарай ағылшын тілін білетін тұрғындар саны кемінде 20 пайызды құрауы тиіс» деп айтып өткен болатын.

Бүгінгі әлемде мыңдаған адамдар шетел тілін, соның ішінде ағылшын тілін жұмыста немесе оқуда пайдаланады және ана тілі ретінде меңгереді. Қазіргі заманда ағылшын тілі «21 ғасырдың», халықаралық бизнес, қазіргі ғылым мен технологиялар тілі мәртебесіне ие болды. Ағылшын тілі – дүние жүзіне ең кең таралған халықаралық тіл. Әлемдегі ең көп тараған, әрі қытай тілінен кейінгі халық саны бойынша ең көп пайдаланатын тіл. Бүгінгі күні зерттеушілер ағылшын тілінде сөйлеушілердің саны 1,2 – 1,5 млрд арасында деп тұжырымдайды. Ағылшын тілі – жер бетіндегі ең көп қолданылатын тіл. Ағылшын тілі әлемнің 75 елінде ерекше орын алады, ал 19 елде ол мемлекеттік тіл болып табылады. ХХ ғ. 60 жылдардан бастап ағылшын тілі кеңінен тарала басталды. Ағылшын тілі көптеген халықаралық ұйымдардың ресми тілі болып табылады.

Айта кетелік, үштұғырлы тіл жай ғана әдемі тұжырымдама немесе тілдік саясаттың жаңа формасы ретінде пайда болған жоқ, ол – өмірлік қажеттіліктен туындаған игілікті идея. Өйткені, қазіргі кезде күллі әлемге есігін айқара ашып, «ақылды» экономиканы енгізіп жатқан елдер қарыштап дамуда. Ал бұл бағыттағы толайым табыстарға, білімге алып бара жол – ғаламшардағы үстемдік құрған тілдерді үйрену. Қай санатта болсын, бірнеше тілді меңгерген мемлекеттер мен халықтар өзінің коммуникациялық және интеграциялық қабілетін кеңейтіп отырған. Қазақстан үшін үштұғырлы тіл – елдің бәсекеге қабілеттілекке ұмтылуда бірінші баспалдағы. Өйткені, бірнеше тілде еркін сөйлей де, жаза да білетін қазақстандықтар өз елінде де, шет елдерде де бәсекеге қабілетті тұлғаға айналады.

Қазақ халқы табиғатынан еліктегіш, қабылдағыш халық. Кеңес заманында орыс тілі-заманның кілті болды. Бұл-заман талабы еді. Орыс тілін үйреніп, орыстардың өзін жаңылыстыратын жағдайға жеттік. Енді алдағы асу –ағылшын тілі. Адам көп тіл білген сайын оның көкірек көзі ашылып, өмірінің көкжиегі кеңіп, өрісі ұлғая түсетін болады.