«ҮЗДІК ЖАСТАР- 2020» ПРЕМИЯСЫ ТАБЫСТАЛДЫ

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов шаһардың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласып, түрлі салаларда жетістікке жеткен жастарды «ҮЗДІК ЖАСТАР- 2020» премиясымен марапаттады.
Жыл сайын озаттарға «Үздік жастар премиясын» беру дәстүрге айналған. Биылғы шара осымен оныншы рет ұйымдастырылып отыр. Бүгін ел Тәуелсіздігінің 29 жылдығына орай 29 номинация бойынша үздік деп танылды.
Қала әкімінің «Үздік жастар-2020» премиясының ережесіне сәйкес, 14-29 аралығындағы 175 жас байқауға қатысып, комиссияның шешімі бойынша 29 жас өз саласында «Үздік» деп танылды.
Салтанатты жиында сөз алған Мұрат Дүйсенбекұлы өз саласының нағыз шеберлерін жеңісімен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.
– Түрлі салада өзін көрсеткен дарынды жастарға қолдау көрсету, жетістіктерін насихаттау, жастардың рухын көтеріп ынталандыру мақсатында биылғы жылы дәстүрлі 10-шы рет «Үздік жастар» премиясын өткізіп отырмыз.
Мерекені осындай шарамен бастағанымыз бекер емес. Себебі Шымкент – жастардың қаласы. Қала тұрғындарының басым бөлігі жастар. Жас буын қашан да ел назарында. Елге қызмет ету тек білімді ғана емес, намысты да талап етеді. Жас ұрпақтың ар-намысы жоғары болса, мемлекетіміздің мәртебесі биік болады.
Сіздерді бүгінгі жеңістеріңізбен құттықтаймын! Еліміздің ертеңі – өздеріңіз!-деді қала әкімі.
Бүгінде Шымкент қаласында 239 мыңнан астам жас болса, ол қала тұрғындарының 23 пайызын құрап отыр. Жоғары және орта арнаулы оқу орындарында 117 728 жас білім алатын болса оның ішінде 57 мыңнан астамы талантты, дарынды және шығармашыл жастар. Сонымен қатар, 37 жастар қоғамдық бірлестіктері Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға өз үлесін қосып келеді.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі