ЖАҺАНДЫҚ ТҰЛҒА

Еліміз егемендігін алып, тәуелсіздікке қол жеткізген тұстан бастап Елбасы Н.Ә.Назарбаев демократиялық және құқықтық мемлекет құру жолында зор саяси танымын, жігерлі ісі мен ұйым-
дастырушылық қабілетін таныта білді. Сан мың жылдар бабаларымыз арман еткен тəуелсіздігіміздің көк байрағын көкке желбіретіп, жас мемлекетіміздің іргетасын қалап, шекарасын шегелеп, болашаққа бағыт-бағдар беріп, орасан зор іс тындырды. Жаңадан тәй-тәй басқан мемлекетіміздің еңсесін тіктеп, санаулы жылдар ішінде әлемге танытып, биік шыңдарға жеткізді. Бұл жас мемлекет үшін үлкен тарихи жетістік деп айтуға болады.

Елбасы басын бәйгеге тігіп елі үшін күрделі де күрмеуі көп шаруалардың түйінін асқан кемеңгерлікпен шешіп қана қоймай, оның тікелей табанды бастамасымен экономикалық, саяси, әлеуметтік реформалар мен көптеген идеялар жүзеге асырылды. Жер-жаһанға мемлекеттің бейбіт және ядролық қарусыз саясатын паш етіп, Қазақстанды жоғары халықаралық деңгейге шығарды.

Сарыарқа төсінде жаңа қала тұрғызып, Еуразия жүрегіне айналдыруы оның мәртебесін әлем алдында одан сайын айшықтап, асқақтата түсті. Жас астанамыз мұқым құрлық елдеріне елеулі әсер етті. Өйткені Елордамыз жаһандық деңгейдегі елеулі саяси оқиғалар өтетін ірі орталыққа айналды. Бір ғана мысал: Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тарихи саммиті өтті. Бұл саммитке 38 мемлекеттің басшысы, ұйымға мүше мемлекеттердің беделді тұлғалары, аймақтық және халықаралық ұйым жетекшілері келіп қатысты. Олардың қатарында ЕҚЫҰ Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо, БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, РФ Президенті Дмитрий Медведев, АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон, Германияның Канцлері Ангела
Меркель, Италия Премьер-министрі Cильвио Берлускони және тағы басқалары болды. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың дипломаттығы, əлемдік көшбасшылармен пікір алысу мəнері, қайсарлығы, көрегендігі Қазақстанның әлемнің 150-ден астам елдерімен дипломатиялық қатынас орнатуына жол ашты.