ЖАЙНАЙ БЕР, АСҚАҚТАЙ БЕР, ЕЛІМІЗДІҢ АСТАНАСЫ — НҰР-СҰЛТАН!
Нұр-Сұлтан күні — Мемлекеттік мереке! Осы айтулы мерекемен жүрекжарды құттықтауымды мұғалімдер атынан қабыл алыңыздар.
Елордамыз Нұр-Сұлтан күні мен Елбасымыздың туған күнінің бір күнде болуының үлкен мәні бар. 1994 жылы 6 шілде күні Елбасымыздың ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Парламенті Қазақстан Республикасының астанасын Ақмола қаласына көшіру туралы тарихи шешім қабылдаған болатын. Үлкен ғимараттары бар, зәулім үйлері бар, кең көшелері бар, күннен-күнге көптеген елден келіп жатқан қонақтарға көрсетуге ұялмайтын әсем де, шырайлы астанамыз — Нұр-Сұлтан бар.
Мемлекетімізді ұлықтайтын бүкіл халықтық мерекелердің бірі — бас қаламыздың туған күні. Арманға айналған қала бүгінгі таңда елдігіміз бен тәуелсіздігіміздің белгісін айшықтай отырып, әлемге өзін сыйлата да, таныта да білді. Осы сөздерді құрметпен, бойымызға біткен ұлтшылдық сезіммен көкірегімізді керіп, басымызды көтеріп мақтанышпен айта аламыз. Нұр-Сұлтан — еліміздің өсу динамикасын, келешек келбетін танытатын ХХІ ғасырдың қаласы. Жаңалықтар мен мұраттарға батыл қадамдар осы Елордамыздан басталады. Осы бір тамаша мерекеде қазіргі қиын жағдайға қарамастан «Біз біргеміз» деп баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақыт-береке, бірлік, татулық, Отанымызға гүлдену мен бейбітшілік тілеймін.
Жастарымыз еліміздің болашағына зор сеніммен қарап, өз үлестерін қосып, абыройымызды асқақтатып, мәртебемізді көтереді деп сенемін. Жайнай бер, асқақтай бер, еліміздің астанасы — Нұр-Сұлтан!
Құрметті Елбасы, Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан заманауи және бүкіл әлем танитын демократиялық мемлекетке айналды. Бұл – сіздің орасан зор жетістігіңіз. Үнемі қазақстандықтарды бірлікке шақырып келдіңіз. Біз келешекте мол табыс, алға ұмтылу және халықаралық бірлікті көретінімізге сенімдімін.
Жыл сайын теледидардан Елбасымыз туралы «Балалық шағымның аспаны» көркем фильмін көреміз. Елбасымыз туралы көптеген деректі фильмдерді тамашалап, жастарға беретін тәлім-тәрбиесі зор екеніне көзіміз жетуде. Біріншіден, туған ауылына, әке шаңырағына деген ерекше сүйіспеншілік, ұшқан ұя мектебіне, балалық шақтағы достарына деген адалдық шынайы көрсетілгендіктен ол әрбір қазақстандықтың, әрбір отбасының, әсіресе жастардың жүрегінен ерекше орын алып, өз Елінің патриоты болуға тәрбиелейді.
Елбасымыздың басшылығымен еліміз өркендеу мен жасампаздық жолын жүріп өтті. Білім беру саласы да мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие болып отырғанын, ол қолдаудың маңызды екенін атап өткім келеді. Әрине, ол жол жеңіл болған жоқ, халықтың ерік-жігеріне сүйенетін болсақ, бабалардың рухани тәжірибесін ұмытпасақ және инновациядан қаймықпасақ, жоғары нәтижелерге жетуге болатынын да көрсетті.
Елбасымызға зор денсаулық, жауапты қызметіне мол табыс тілеймін. Баршаңызға мерекелік көңіл-күй, отбасыңызға бақыт, игілік, шығармашылық табыс тілеймін!
БЕРДИМУРАТОВА Маржан,
№14 М.Сапарбаев атындағы жалпы орта мектебінің
ғылыми және инновация ісі бойынша директор орынбасары.
Түркістан облысы, Сайрам ауданы.