ЖАҚСЫНЫҢ НҰРЫ ТАСЫСЫН
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіздік тұғырын бекітуге сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Елбасының еселі еңбегі — бүгінгі буынға үлгі. Егемендік алған жылдары атан түйенің белін қайыстырар жүкті көтерген азаматтардың ісі әлі талай зерттеледі. Себебі, сан мың адамның тағдыры байланған саясаттың сыны қылдай жіңішке болғанымен, таудай талапты қажет етеді.
Мықты басшы, көреген саясаткер Нұрсұтан Әбішұлы есімі әлем халықтарының ыстық лебізіне ие. Соның бір мысалы Америкалық саясаттанушы және журналист, Ресей – Еуразия, Шығыс Еуропа, Таяу Шығыс өңірлерінің қауіпсіздік пен энергетика саласындағы халықаралық қатынастар жөніндегі маманы Ариэль Коэннің «Жақсы серіктікте: Нұрсұлтан Назарбаев ұлт негізін салушылардың арасында» атты баяндамасына үлкен қызығушылық танытылды. Ол «Қазақстан Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы басқаруының арқасында қазіргі жетістіктерге жетіп отыр. Қазақстан ортадан жоғары кіріс деңгейіне жиырма жылға жетпей жетті. Нұрсұлтан Назарбаев елді басқарған жылдары жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 10 есеге өсті, 1990 жылғы 1600 доллардан 2018 жылдың соңында 10 мың долларға жетті. 2006 жылдың өзінде Қазақстан кіріс көлемі ортадан жоғары елдер тобына енген болатын. Нұрсұлтан Назарбаев мұнымен тоқтаған жоқ. Ол осы жылдардан бастап келешекті құрылымдық және институционалдық реформаларды жүргізе бастады. Олар мемлекеттің экономикаға ықпалын төмендету және серпінді, заманауи, шикізатты емес инновациялық саланың дамуына қолдау көрсетуге бағытталған болатын. Сондай-ақ, ол әлемдік аренадағы Қазақстан беделін көтеруге және экономиканың әлемдік қауымдастықпен бірігуіне күш-жігерін жұмсады» , — деді А.Коэн.
«Атқа айылдың батқанын иесі білмес ат білер, Ер жігіттің бағасын жақыны білмес, жат білер» дегендей, кейдек «Жақсының жақсылығын айтып нұрын тасытуды» жалтақтау, жағыну деп қабылдап, одан бойымызды аулақ салғымыз келіп тұратыны бар. Әйтсе де, Назарбаевтың біртуар тұлға екеніне уақыт өз бағасын береді деп сенеміз.
Алтын АСҚАР