«ЖАЛПЫҒА ОРТАҚ ЕҢБЕК ҚОҒАМЫНА ҚАРАЙ » ҚАДАМ БАСТЫҚ

Елбасы «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында: «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы идеясы көз жетпейтін көкжиекте ойлап табылмаған. Бұл — практикалық, прагматикалық идея. Ол маған тіпті етене жақын, өйткені мен қазақстандықтар жақсы білетіндей, өзімнің кәсіби жолымды «ақ саусақтар» секілді кабинетте де, паркетте де емес, жұмысшы-металлург ретінде бастадым. Ал бұл, атап айтсам, нағыз кәсіп болып табылады!» — деп жазды.

Елбасы айтқандай, қай қоғамда да еңбек адамды алға жетелейді. Қазақ қашан да еңбектен бас тартпаған. Әсіресе, еліміз жаңа белеске көтеріліп отырған қазіргідей шақта білікті мамандарға деген қажеттілік туындап отырғаны белгілі. Сондықтан, қол қусырып қарап отырмай, «екі қолға бір жұмыс» тауып, бар уақытын еңбекке арнаған адамның ғана жоғары нәтижелерге қол жеткізе алатыны рас.

«Әлемнің әміршісі — еңбек» деген. Өзінің басы бұғауда жүрген жан кімге әмірші болмақ?! Әмірші болу үшін өзі тәуелсіз, өзін-өзі өнім-бұйыммен қамтыған, кәсібі дөңгелеп табысы тұрақтанған болуы шарт емес пе? Сондықтан, егемен елдің ертеңін ойлаған азамат масылдық санадан арылып, қоғамға да, өзіне де тпайда әкелетін іспен айналысқаны ләзім. Бұл жайында Елбасымыз «Масылдық пен әлеуметтік инфантилизм секілді құбылыстарды еңсеріп, жеке адам мен биз­нес­тің жоғары жауапкершілігіне, барлық еңбек субъектілерінің мемлекетке қатысты әріптестік өзара қарым-қатынасына негізделген еңбек қыз­меті мен игілікке жаңа тартымдылық енгізу қажет» деген еді.

«Жаңғырту үдерістерінің табыстылығы көп жағдайда оның қандай қағидаттар бойынша жүзеге асырылатынына байланысты болады» дей келе, 5 қағидатты атап көрсеткен еді. Олар: эволюциялық қағидаты, ортақ жауапкершілік қағидаты, әріптестік қатысу қағидаты, ынталандыру және кәсібилік қағидаттары.