ЖАМБЫЛ ЖЫРЛАРЫ — РУХАНИ МӘДЕНИЕТТІҢ БІР ПАРАСЫ
«Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана» — деген еді Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Рухани жаңғыру» атты мақаласында.
Биыл туғанына 175 жыл толған «Дала Гомері» деп атанған данагөй тұлға, ұлы жырау Жамбыл Жабаевтың даңқы ХХ ғасырда әлемге танылды. Қазақ әдебиетіндегі жыраулық пен айтыс өнерінің дәстүрін ұштастырған Жамбыл шығармалары ақынның көзі тірісінде көптеген халықтың тілінде орасан зор аумаққа таралып үлгергені, лайықты бағасы берілгені әмбеге аян. Аудармалары арқылы күш алып келе жатқан қызыл империяның аумағынан асып, социалистік жүйе блогына енген елдерге де тез тарап үлгерді.
Бүгінгі ұрпақ та осындай асылымыздың кәусар бұлағынан сусындауға тиіс. Жамбылдай өрелі өнер адамын әр қырынан танып білуді өмірдің өзі міндеттейді. Жүз жасаған жыраудың шығармалары ұлтымыздың игілігіне айналып қана қоймай, бүкіл әлем әдебиетінен лайықты орнын алуы біз үшін мақтаныш, зор қуаныш. Жамбыл есімі жаңашылдықтың үрдісінде көш бастайтын, шығармашылығы әлі де зерттеуді қажет ететін бірден-бір
тұлға. «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан секілді. Оны жинап алып халқының қолына беру – біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз» — деген еді Сәкен Сейфуллин. Жамбыл — жырдың толассыз бұлағы, өшпес өнегесі, тозбайтын асылы. Ол жасампаз ұрпақпен сырласындай, қимасындай мәңгі бірге жасай береді.