ЖАҢА АЛФАВИТКЕ КӨШУДІ ХАЛЫҚТЫҢ БАСЫМ БӨЛІГІ ҚОЛДАДЫ

Латын графикасіндегі қазақ әліпбиінің қажеттілігін өмірдің өзі талап етіп отыр. Әуелі тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік туады. Қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді. Сондай-ақ латын әліпбиіне көшу қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді мүмкіндік туады. Және түбі бір түркі дүниесімен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуге жол ашылады.

Мемлекет басшысы Н. Назарбаев 2017 жылы «Қазақ тілі алфавитін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығына қол қойды. Ол  өзінің Жарлығында жаңа нұсқада беріліп отырған латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиін бекітумен бірге, Қазақстан Республикасының Үкіметіне қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия құруды, қазақ тілі әліпбиінің 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшуін қамтамасыз етуді, бұл жөнінде ұйымдастырушылық және заңнамалық сипаттағы шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ, енгізу барысында жаңа алфавитке өзгерістер енгізілуі  мүмкін екендігін де айтты.

ҚР Премьер-Министрі Қазақ тілі алфавитін латын графкасына көшіру бойынша Ұлттық комиссия жасақтады. Жаңа алфавитті біртіндеп 2025 жылға дейін енгізудің жоспары жасалды. Төрт бағыт бойынша жұмысшы тобы құрылып, «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы құрылды. «Қазақ тілінің орфографиясының жаңа ережелері» жобасы жасалды. Латын графикасын үйренуге арналған «Тіл – Қазына» газеті мен оның электронды нұсқасы шықты. 2018 жылы «Qazlatyn.kz» ұлттық порталы құрылып, онда латын графикасына өтуге қатысты барлық ақпараттық-технологиялық жобалар орналастырылды. 2019 жылы балаларды латын графикалы қазақ әліпбиіне үйрету мақсатында мультфильм жасалды. «Тіл – Қазына» орталығында жаңа алфавиттің орфографикалық ережелерін үйрететін сыныптар ашылды. Бір сөзбен айтқанда, еліміз бойынша латын графикалық жаңа Қазақ алфавитіне көшуге байланысты ауқымды жұмыстар жүргізіле бастады.

Еліміздің әр аймақтарындағы елдімекендерде мекеме маңдайшасындағы атауын, тойхана, кафе, басқа да нысандар атауын латын графикасындағы қазақ алфавитімен жазып қоюшылар, жаңа әліпбимен жазып жаттығу іс-шаралары өткізіліп, қазақстандықтардың басым бөлігі латын таңбалы қазақ алфавитіне көшуге кірісіп те кетті.  Қазақстанды мекен ететін түркі тілдес халықтар – өзбек, ұйғыр этностары да латын графикалы қазақ алфавитіне көшуді қолдап, өздерінің ұлттық тіліндегі оқулық, әдебиеттерді, яғни мектептердегі әліпбиді де жаңа Қазақ алфавитіне көшіруді қолдайтындықтарын білдіріп жатты. Бірақ, мемлекеттік деңгейде әліпбидің еш нұсқасы толықтай қолдау тауып, түпкілікті бекітілмегендіктен бұлай жасау әлі ерте еді. Бірақ, қазақ елі азаматтарының егемендік жариялағалы көтеріліп келе жатқан, Мемлекет басшысы өз Жарлығымен бекіткен латын графикасы негізіндегі жаңа қазақ алфавитіне өтуді басымдықпен қолдап отырғаны анықталды. Дегенмен мұндай ұлт тағдыры мен болашағын айқындауда маңызды мәселеде асықпай, бәрін таразылап алып бір-ақ түпкілікті шешім қабылдау қажет еді.