ЖАҢА ДӘУІРДІҢ ҚАҚПАСЫН АШҚАН — 2050 СТРАТЕГИЯСЫ

«Қазақстан-2050» cтратегиясы ХХІ ғасырдың екінші онжылдығының бас кезіне ғана қатысты
емес, ол ұлттық тарихымыздағы жаңа дәуірдің қақпасын ашты.

«Қазақстан-2050» стратегиясының бұрынғы бағдарламалардан түбегейлі айырмашылығы уақытының аса ұзақтығында еді – меже 2050 жыл болып белгіленді. Бұл меже кездейсоқ таңдалған жоқ: БҰҰ-да Қазақстанның
тікелей қатысуымен өркениетті дамытудың 2050 жылға дейінгі жаһандық болжамы дайындалған болатын. Еліміз – ұзақ мерзімді, ғасырымыздың ортасына дейін белгіленген ұлттық стратегиямен жарақтанған бірінші ел
болды.

«Қазақстан-2050» стратегиясында еліміздің ертеңгі күнін көзге елестетуге, оның болашағын бағамдауға, басымдықтарының жүйесі мен иерархиясын құруға, жаңа жаһандық ахуал және ондағы өтіп жатқан үдерістерді сараптау негізінде анықталған кешенді мәселелер ұсынылды.
Олар адамзаттың жуық арадағы перспективалары – ХХІ ғасырда алдынан шығатын сын-қатерлерге қаншалықты дұрыс жауап таба алатынына байланысты. Бұлар – тарихи уақыттың жеделдеуі, демографиялық теңгерімсіздік, азық-түліктің және энергетиканың қауіпсіздігіне төнген қатер, су тапшылығы, табиғи ресурстардың сарқылуы, экономикалық дағдарыс, технологиялық революцияның салдарлары, әлеуметтік тұрақсыздық, құндылықтар дағдарысы, әлемдік тұрақсыздықтар қаупі.

2012 жылы Қазақстан ІЖӨ көлемі жағынан әлемдегі 50 елдің қатарына енді, ал келесі 2013 жылы жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде 50-ші орынды иеленді. Бұл жетістіктер – заманауи Қазақстан мемлекет болып қалыптасты деп сеніммен айтуға мүмкіндік берді.

Елбасы елді бұдан әрі дамытудың жеті басым бағытын анықтап берді:

  1. Экономикалық саясат – пайда табу, инвестициялар мен бәсекеге қабілеттіліктен қайтарым алу принципіне негізделген жалпыға ортақ прагматизм.
  2. Кәсіпкерлікті – ұлттық экономиканың жетекші күшін жан-жақты қолдау.
  3. Әлеуметтік саясаттың жаңа қағидаттары – әлеуметтік кепілдіктер және жеке жауапкершілік.
  4. Білім және кәсібилік – заманауи білім беру, кадрларды даярлау мен қайта даярлаудың негізгі бағдары.
  5. Мемлекеттілікті нығайту және демократияны дамыту.
  6. Дәйекті сыртқы саясат – ұлттық мүдделерді ілгерілету мен аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайту.
  7. Жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі.
    «Қазақстан-2050» стратегиясының ерекшелігі – даму мәселелерін теңгерімді және жүйелі түрде қарастырады. Оның негізгі компоненттері (экономикалық, әлеуметтік, саяси, дүниетанымдық) өзара байланысты әрі өзара сабақтас, ал біздің еліміздің одан әрі өркендеуін осы жеті басымдықтың тұтастығы қамтамасыз етеді.

«Қазақстан-2050» стратегиясы елімізді бірегей аса сезімтал «оптикамен» қаруландырды: ол ұзақ мерзімді перспективаға жоспарлау үшін алыс мақсаттарды назарда ұстауға, ал қажет болған жағдайда – жедел түзету
енгізуге мүмкіндік береді.