ЖАҢА ҚАУЛЫ: ШЫМКЕНТТЕ КАРАНТИН ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ
Шымкентте карантиндік шектеу шаралары 20 сәуірден бастап тағы да жалғасады. Бұл туралы Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің жаңа қаулысында айтылды.
«Шымкент қаласында карантин режимі ұзартылсын және коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу жөніндегі шектеу шаралары 2021 жылғы 20 сәуірден бастап эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін күшейтілсін» деп бекітілген.
Қазіргі таңда Шымкент қаласы «қызыл» аймақта. Жаңа қаулыға сәйкес, адамдардың көп жиналуына байланысты кез келген (ауызашар, еске алу, туған күндер, мерей тойлар, шығарып салу, құдалық той, беташар және басқа) шараларды өткізуге тыйым салынды. 65 жастан асқан адамдардың қалада жүруі шектелді. Сауда орталықтарында, азық-түлік және азық-түлік емес дүкендерде, халыққа қызмет көрсету саласындағы нысандарда және адамдар көп жиналуға мүмкіндігі бар орындарда күнделікті дезинфекциялық іс-шаралар жүргізілуі тиіс. Банкет залдардың, мектеп асханаларының жұмысына тыйым салынды. Автовокзалдар мен автостанциялардың жұмысы тоқтатылады.
Адамдардың аялдамаларда және қоғамдық көліктерде шоғырлануын болдырмау мақсатында қарбалас сәтте желіде көлік құралдарының (автобустардың, шағын автобустардың) саны көбейтіледі, қалған уақытта қозғалыстың біркелкі кестесі ұйымдастырылады. Барлық нысандарда, оның ішінде қоғамдық көлікте, таксиде санитариялық-профилактикалық, санитариялық-эпидемияға қарсы және дезинфекциялық іс-шараларды жүргізу қамтамасыз етіледі. Шымкент қаласына вакцинаны жеткізудің жоспарланған көлемін ескере отырып КВИ-ға қарсы вакцинациялау жұмыстары жалғасады. Осы қаулы 2021 жылғы 20 сәуірден бастап күшіне енеді.
Бұл ретте, бүгін ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен онлайн режимде өткен Үкімет отырысында қала әкімі Мұрат Әйтенов санитарлық-эпидемиологиялық жағдай бойынша баяндама жасады. Мұрат Дүйсенбекұлы ковидтің ықтимал толқынына үш сценарий бойынша дайындық жүргізілгенін атап өтті.
– Бүгінде қала А сценариймен жұмыс істеп жатыр. Жалпы қала В және С сценарийге 100 пайыз толық дайындалды. А – ағымдағы жағдай 1 290 төсек-орынды қамтиды. В – маусымдық эпидемиологиялық жағдай нашарласа, төсек-орын саны 4 016-ға дейін артады. С – эпидемиологиялық дағдарыс орын алса, 5 416 төсек-орын ашылады. Қала тұрғындарына қызмет көрсететін 11 ПТР зертханасы жұмыс істеуде. Зертханаларда 1 күнде 6 200 тест жасауға мүмкіндік бар. Барлығы 349 518 ПТР тест өткізілді. 19 сәуірде 1 312 ПТР тест жасалған. Азаматтарды вакцинациялау үшін 38 бекет ұйымдастырылып, бүгінде 1-ші компонент 67 906, 2-ші компонент 6 918 азаматқа салынды. Вакцинациялауға 753 медицина қызметкері оқытылып, жұмылдырылды, – деді қала әкімі.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы