ЖАҢА ҚАУЛЫ: ШЫМКЕНТТЕ КАРАНТИН ТАЛАПТАРЫ ҚАЙТА КҮШЕЙТІЛДІ

Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Б.Позилов және Шымкент қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары А.Ахметовтың қатысуымен қаладағы эпидемиологиялық ахуал мен карантиндік шаралар туралы баспасөз брифингі өтті.
Бақытжан Жолдасбекұлының мәлімдеуінше, қазіргі таңда Шымкентте эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз болып тұр. Соңғы тәулікте шаһарда COVID-19 инфекциясын жұқтырған 342 жағдай тіркелген. Бұл ретте 78 адам инфекциялық стационарға жатқызылып, 264 адам үй бақылауына алынды.
– Шымкент қаласы қазіргі таңда «қызыл» аймақта тұр. Сондықтан қала тұрғындарын қоғамдық орындарда бетперделік режимді сақтап, тезірек екпе алуға шақырамыз. Бүгінгі күні қалада 2 196 төсек-орын бар, оның 933-і бос. Жұқпалы және карантиндік ауруханаларда 1263 науқас ем қабылдауда немесе толымдылығы 58% құрайды, — деді басқарма басшысы.
Шымкент короновирус инфекциясына қарсы екпе салдыру бойынша, елімізде көш басында екенін тілге тиек еткен Бақытжан Позилов әлі де жұмысты жандандыру қажет екендігін жеткізді.
– Жалпы қалада вакциналау қарқынды жүріп жатыр. Қалада бүгінде 45 егу бекеті жұмыс істеуде. Қазірге дейін 1 компоненттен 325 354 адамға, 2 компоненттен 198 008 адамға егілді. Бұл – вакциналанған тұрғындардың 60%-ы. Аталған көрсеткіш бойынша Шымкент көш басында. Дегенмен, тұрғындар әлі де сақтық шараларын басты назарда ұстау керек, – деді Б. Позилов.
Сондай-ақ брифинг барысында Шымкент қаласы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары А.Ахметов инфекцияның тіркелуінің жоғарылауына байланысты шектеу шаралары күшейтілгенін атап өтті.
Оның айтуынша, Шымкент қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 13 шілдедегі №21 қаулысына сәйкес, сенбі, жексенбі және мереке күндері қалалық қоғамдық көліктердің жұмысы тоқтатылады. Базарлардың да жұмысы демалыс күндері шектеледі, тек жұмыс күндері 20:00-ге дейін істейді. Сондай-ақ Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтарына адамдар көп жиналатын туған күн, мерейтой, құдалық, той, беташар және басқа кез келген іс-шараларды өткізуге тыйым салынды.
Жаңа қаулының толық мәтінін мына сілтеме арқылы https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu оқуға болады.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы
Фото: Ернар Мамыр