ЖАҢА КЕЗЕҢДЕГІ САЯСИ ПАРТИЯЛАР

Парламенттің 2002 жылдың шілдесінде «Саяси партиялар туралы» жаңа заң қабылдауы еліміздің партиялық-саяси өміріндегі маңызды меже саналады. Бұрынғы, 1996 жылғы заң саяси партияларға айрықша құқық бермеген болатын, сондықтан да олардың қоғамдық бірлестіктер арасындағы рөлі аса мардымды емес еді. Ал жаңа заң саяси бірлестіктерге лайықты мәртебе алып берді. 2000 жылдары либералдандыру елдің партиялық-саяси өмірінің басым векторына айналды. 2002 жылдың наурызында Қазақстанның «Ауыл» социал-демократиялық партиясының құрылтай съезі өтіп, оның төрағасы болып академик, депутат Ғ. Қалиев сайланды. Шілде айында «Қазақстан патриоттары партиясы» құрылып, төрағалығына белгілі саясаткер, бұрын президенттікке үміткер болған Ғ. Қасымов бекітілді. 2001 жылдың қарашасында «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қоғамдық бірлестігінің шенеуніктер тобының бастамасымен, кәсіпкерлердің қолдауымен құрылтай съезі өтті. 2002 жылдың наурызында «ҚДТ» мүшелерінің бір тобы бөлініп шығып «Ақ жол» партиясын құрды.

2003 жылдың сәуірінде «Асар» партиясы құрылды, төрағасы болып Д. Назарбаева сайланды. 2006 жылдың шілдесінде бұл партияның кезекті съезі «Отан» партиясына қосылу туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ 2003 жылдың сәуірінде «Руханият» партиясының құрылтай съезі өтті, оның төрағасы А. Жағанова болды. 2004 жылдың ақпанында «Қазақстанның демократиялық таңдауы» халықтық партиясының құрылтай съезі болды. Қазақстан Коммунистік партиясындағы бірқатар келіспеушіліктер салдарынан фунционерлердің біразы жеке партия ұйымын құру туралы шешім қабылдады. 2004 жылдың сәуірінде Қазақстанның коммунистік халықтық партия сының (ҚКХП) съезі өтіп, бірінші хатшы болып В. Косарев сайланды. 2004 жылдың сәуір айында Қазақстан демократиялық партиясының құрылтай съезі шақырылды. Оның жетекшісі М. Нәрікбаев болды. 2006 жылы бұл партияның атауы «Әділет» демократиялық партиясы болып ауысты. 2006 жылдың қыркүйегінде Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының құрылтай съезі өтті. Қазақстанның партиялар алаңындағы маңызды оқиға 2006 жылдың 22 желтоқсанында болды. «Отан» партиясының Х съезінде оның Азаматтық және Аграрлық партиялармен біріккені және бұдан былай «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы болып аталатыны туралы шешім қабылданды.

2011 жылдың соңына қарай Қазақстанда сегіз саяси партия жұмыс істеп жатты (мүшелерінің жалпы саны 1,3 миллион адам), олар – «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы, Қазақстанның «Ауыл» социал-демократиялық партиясы, Қазақстан патриоттары партиясы, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Әділет» демократиялық партиясы, Қазақстан коммунистік халықтық партиясы, «Руханият» партиясы, «Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы. Саяси жүйенің жаңаруы саяси партиялардың қарқынды бірігуіне, қоғамда заманауи саяси модельдің қалыптасуына алып келді, сонымен бірге елдегі саяси тұрақтылықтың нығаюына септігін тигізді.