ЖАҢА ЖОЛДАУ – ЕЛ БОЛЫП ДАМУДЫҢ ЖАҢА САТЫСЫНА КӨТЕРІЛУ

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2021 жылғы қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдаған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын мемлекеттің тұрақтылығын сақтай отырып, оны одан әрі дамытуға арналған cтратегиялық маңызы бар құжат деп есептеймін. Жолдау саяси, мәдени, әлеуметтік және экономикалық дамудың нақты жолдары мен қадамдарын белгілеген негізгі 7 мәселе мен 5 бастаманы қамтып отыр. Атап айтқанда, пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру, сапалы білім беру, өңірлік саясатты жетілдіру, еңбек нарығында тиімді экожүйе қалыптастыру, саяси жаңғыру мен адам құқығын қорғау және ұлттың ұйысуы – одан әрі дамудың басты мәселелері мен халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталған 5 бастама көрсетілген.

Жолдауда негізгі басымдықтардың бірі ретінде шағын және орта бизнесті қолдау шараларын әрі қарай жалғастыру міндеті қойылып отыр. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың шағын және орта бизнесті дамыту идеясына бағытталған бағдарламалар бүгінде еліміздегі жұмыссыздықты жоюға, нарыққа қажетті тауарларды жеткізуге, экономиканы тұрақтандыруға үлкен септігін тигізіп, өз нәтижесін берді. Сондықтан да Президентіміз «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мерзімін 2022 жылға ұластыру туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Расында, бүгінгі таңда Түркістан облысының тұрғындары осы бағдарламалардың пайдасын көріп жатыр десек те болады. Ағымдағы жылдың 8 айында «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында 41,7 млрд. теңгеге 307 жоба мақұлданды.

Сонымен қатар, «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасы аясында 2 мыңға жуық жоба қаржылай қолдау тапты. Атап айтқанда, 1 мыңға жуық кәсіпкер 27,3 млрд. теңгеге 6%-дық несиемен қамтамасыз етіліп, 900-ден аса кәсіпкер мемлекеттік кепілдендіру арқылы кепілсіз несие алды. Республика көлемінде аталған бағдарламалар бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Осы орайда, Президенттің бұл бастамаларды жалғастыруға қолдау білдіруі, Түркістан облысының кәсіпкерлік саласының одан әрі дамуына тың жол ашуда деп ойлаймын. Мемлекет басшысы азық-түлік тауарларының бағасын белгілеудің және оны бөліп-таратудың тиімсіз жүргізілуін басты назарға қойды. Бұған дейін де көтерме-тарату орталықтарының желісін құрудың маңыздылығын атап өтіп, бағаның халыққа қолжетімді болуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Бүгінгі таңда Президент тапсырмасын жүзеге асыру аясында Түркістан облысының орталығында заманауи және жабық үлгідегі Экобазардың құрылысы жүріп жатыр. 3000-ға жуық заманауи сауда сөрелерінің 1000-ға жуығы азық-түлікке арналған. Ет-сүт, балық, көкөніс, жеміс-жидек түрлері көтерме бағамен сатылатын болады. Жергілікті және өзге өңірлердің диқандары мен тауар өндірушілері мұнда өз өнімдерін бір қолдан, делдалдарсыз тікелей сату мүмкіндігіне ие болады. Осыған орай, базарда сауда орындарынан бөлек, тоңазытқыш орнатылған 200 қойма орындары болады. Соның арқасында күзде жинаған өнімді келесі маусымға дейін халыққа арзан бағамен сатуға мүмкіндік туады. Бүгінде Атырау, Қостанай өңірлерінің тауар өндірушілері Түркістан қаласында өз өнімдерін саудалауға ниетті.

Президент білім беру саласында да жаңа реформалардың жүзеге асырылатынын атап өтті. Осыған орай, алдағы уақытта педагогтардың біліктілігін арттыру, дарынды балаларға конкурстан тыс гранттар бөлу, әлеуметтік осал топтағы балаларды қолдау сынды бағыттарға ерекше назар аударылып, орта білім беру жүйесіндегі өткір мәселелердің бірі – мектептердегі орын тапшылығы кезең-кезеңімен өз шешімін табатын болады. Бұл жағдайда Президентіміз Республика көлемінде 225 мың оқушыға орын жетіспейтінін негізге алып, 2025 жылға дейін 1000 мектеп салу туралы міндетті жүктеді. Биылғы жаңа оқу жылында облыс бойынша 51 400 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Республика бойынша 1-сыныпқа барған ең көп оқушылар саны Түркістан облысына тиесілі.

Әрине, бірінші кезекте балаларды толық оқу орнымен қамтамасыз етпей тұрып, заман талабына сай білім беру мүмкін емес. Осы тұста, облыс тарапынан бұл міндеттемелер орындалып келеді. Ағымдағы жылы облыс бойынша 78 мектептің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде биыл 2 апатты және 1 үш ауысымды мектептің мәселесі шешіледі. Түркістан қаласында 720 орындық Назарбаев Зияткерлік мектебі салынып, 700 оқу орындық және 500 орындық жатақханасымен «Дарын» мектеп-интернатының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, Түркістан қаласы мен Бәйдібек, Төлеби, Жетісай аудандарының орталығынан 4 заманауи мектептің құрылысы жүргізілетін болады.

Бүгінде мектеп оқушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыста 905 мемлекеттік мектеп толығымен бейнебақылау жүйесімен қамтамасыз етілген. Мемлекет басшысы Жолдауда өңірлік саясатты жетілдіру мәселесіне де ерекше тоқталып өткен. Мұнда жергілікті әкімдіктер тұрғындармен тығыз қарым-қатынас жасап, олардың проблемаларын шұғыл шешуді жолға қою қажеттігін айтты. Ол үшін барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысын бағалау тәсілін оңтайландырып, тәуелсіз сауалнама жүргізуді ұсынды. Бұл тәсіл арқылы билік органдары жұмысының сапасына тұрғындардың көзқарасы туралы шынайы мәлімет алуға болатынын жеткізді.

Бұл орайда, әлеуметтік сауалнама халықтың тұрмыс-тіршілігі мен өңірлердегі әлеуметтік мәселелерді білумен қатар жергілікті атқарушы билік өкілдерінің жұмыстарын бағалауда ерекше септігін тигізеді деп ойлаймын. Мемлекет басшысы саяси жаңғыру және адам құқығын қорғау мәселесіне жыл сайын ерекше мән беріп келеді. Былтырғы Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлау саяси реформасы биылғы елімізде тұңғыш рет өткен ауыл әкімдерін сайлауда оң нәтижесін берді. Облыста 60 ауыл округтерінің әкімдері сайланды. 43 ауыл әкімі саяси партиялардан ұсынылса, 17-і өзін-өзі ұсыну арқылы жеңіске жетті. Саяси реформа 2024 жылы пилоттық режимде аудан әкімдерінің сайлауында жалғасын табатын болады. Ауыл әкімдерін сайлау тұрғындардың демократияға деген көзқарасын айқындап берді.

Мемлекет басшысы Жолдауда көтерген 5 бастаманың алғашқысын еліміздегі ең төменгі жалақыны 60 мың теңгеге дейін, яғни 30%-ға дейін көтеру мәселесін сөз етіп, төртінші бастамасында бюджеттен қаржыландырылатын білім беру мен денсаулық сақтау салаларынан басқа да қызметкерлердің жалақысы 2022 жылдан 2025 жылға дейін жыл сайын орта есеппен 20%-ға өсетінін айтты. Бұл игі бастама халыққа жасалып отырған үлкен қолдау деп білемін. Президенттің әр Жолдауының тарихи миссиясы – Қазақстанымызды табысты да өркениетті, халқының тұрмысы жоғары, табысы мол елге айналдыру мақсатынан туындайды. Құрметті Түркістандықтар! Мемлекет басшысы өзінің кезекті Жолдауында еліміздің саяси-мәдени, экономикалық дамуын айқындап берді. Ендігі кезекте, мұндағы тапсырмалар мен міндеттерді бүкіл қоғам болып жұмылып, орындауымыз қажет.

Қ.БАЛАБИЕВ,

Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы