ЖАПОН ЕЛІНДЕГІ ӘЙЕЛ ЖАҒДАЙЫ

Отбасы – ұлттың айнасы. Әлеуметтік психологиясын бейнелейтін негізгі фактор деуге болады. Егер елді жақынырақ танимын десеңіз, отбасылық құндылықтарды қаншалықты қадірлейтініне қарасақ жетіп жатыр.

Мәселен, бүгін әңгімемізге арқау еткелі отырған Жапон отбасын алсақ, мұндағылар ата-бабасынан қалған дәстүрлерді сақтайды және отбасыдағы ер-азаматтың үстемдігі анық байқалады. Бұл ерекшелік бала өмірге келген күннен басталады. Ер балаға ерекше көңіл бөлгендіктен, эгоцентризм мен көшбасшылыққа деген ұмтылыстың қалыптасуына ықпал етеді. Ал, қыздарға келетін болсақ, олар өздерінің бағынышты позициясын қабылдап, сабырлы, шыдамды болуға және мойынсұну қажеттігімен келісіп өседі.

Жапон тілінде тек «аға» немесе «қарындас»демей, «үлкен аға» және «кіші аға», «үлкен апа» және «кіші қарындас» деген сөздерді кездестіреміз. Яғни, үлкен мен кішінің орны нақты көрсетіледі. Отбасында ата-ананы сыйлау, құрметтеу ұғымдары ең басты орында. Конфуцийдің ілімдеріне сәйкес, үш мың заңсыздық бар, олардың ауырлығы бес санатқа жатады, бірақ балалардың ата-аналарына қараспай, мейірімсіз болуынан асқан қылмыс жоқ деп есептелінеді.

Жапондар еуропалықтарды сынағысы келсе, олардың әйелге тең құқық беріп, алдыға оздырғанын әжуалайды екен. Олардың айтуынша, Батысты «әлсіз жыныс» басқарады. Жапонияда әлі күнге дейін мойынсұнудың үш түрі бар: қыз ата-анасына, әйелі күйеуіне бағынады, ал жесір әйелді үлкен ұлы басқарады.

Жапонияның жаңа Конституциясы (1946) әйелдерге ерлермен тең мәртебе берді. Отбасының патриархалдық жүйесі және әйелді қорлау жағдайы заң жүзінде жойылды. Десек те, әлі де өткен шақтағы ұстанымдармен өмір сүретін әйелдер көп. Мұның негізгі себебі — балалар алдындағы жауапкершілікпен байланысты және жапон әйелдерінің ақша табу мүмкіндігі өте аз болуының да себебінен.

Зерттеушілер дерегіне сүйенсек, патриархалдық жүйені бұзғысы келетін әрбір 100 әйелдің 62-сі ажырасу туралы ойлайды екен. Бірақ, ажырасқан әйелдерге деген қоғамдағы көзқарастың дұрыс болмауынан олар өзін тежеуге мәжбүр.

Бірақ, Жапонияда «мейдзи» дәуірі басталған тұста әйелдерге деген көзқарас та өзгерді. Бұл кезең оларға білім алу мүмкіндігін сыйлады, Жапонияға ерекше бір серпіліс берді. Жапон әйелдері терең білім алып, ол білімді өз балаларының тәрбиесіне жұмсауы елге экономикалық даму мен ғылыми-техникалық прогресс сыйлады. Жапонияның бүгінгі дәрежеге жетіп, қарыштауының негізгі факторы — көзі ашық әйел адамдар деп саналады.

Бүгінде олар көзі ашық, мансапты немесе тұрмыс құруды өз қалаулары бойынша шешетін әйелдер, десек те ертеден қандарына сіңген ер-азаматты құрметтеу, жұмысқа шығарып салу мен күтіп алу деген дәстүрлеріне әлі де берік.

Алтын АСҚАР