ЖАС МЕМЛЕКЕТТЕГІ ОЗЫҚ ҒЫЛЫМИ ЖЕТІСТІКТЕР

Қазақстандағы 2011 жылы ақпанда қабылданған «Ғылым туралы» заң озық ғылыми жетістіктер үшін жаңа мүмкіндіктер ашты. 2012 жылдан бастап, «Қазақстан-2050» стратегиясында ғылымның экономикаға қосар нақты үлесін күшейту туралы міндеттер қойылғаннан кейін, ғылымды басқарудың жаңа моделі күшіне ене бастады. Барлық жобалар Ғылыми-техникалық сараптама Ұлттық орталығы арқылы өткізіле бастады, ал қаржыландыруға байланысты соңғы шешімді Ұлттық ғылыми кеңестер қабылдады.

Қазақстанда 2010-шы жылдардың орта тұсында 25 мың ғылыми қызметкердің басын біріктірген 400 ғылыми ұйым-мекемелер жұмыс істеп тұрды. Ғалымдардың жаңа буыны PhD доктор бағдарламасы бойынша дайындалды.
Қазақстан ғалымдары үшін Мемлекеттік сыйлықтар, Білім және ғылым министрлігінің сыйлықтары, сондай-ақ әртүрлі стипендиялар тағайындалуы да жемісті жұмыстарға ынталандырғаны анық.
2013 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығымен С. Ақшолақов жетекшілік жасайтын Нейрохирургия ғылыми орталығы, А. Медеу басқаратын География институтының қызметкерлері және физика-математика ғылымдарының докторы, академик Т. Қалменов марапатталды.

2015 жылы Елбасы Ғылым мен техника саласындағы Әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлықты белгіледі. Оның алғашқы лауреаттары болып бірнеше ұжым танылды: сұйықтық физикасын зерттегені үшін – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ғылыми-зерттеу институты; ғылыми әдістерді дамытқаны үшін – Аэроғарыш комитетінің төрағасы Талғат Мұсабаев бастаған топ; түсті металлургиядағы ғылыми
жұмыстары үшін – Әбдірасул Жәрменов жетекшілік жасайтын Минералды шикізаттарды кешенді өндіру жөніндегі ғылыми орталық; хирургиядағы жаңа технология үшін – Нұрлан Батпенов басқаратын Травматологиялық ғылыми-зерттеу институты.
Бұған қоса, «Қазақстан Республикасының көмірсутегі әлеуетінің ғылыми негіздері» және «Қазақстандағы қызыл балық өсіру инфрақұрылымын жасау және оның ғылыми-техникалық негіздерін дайындау» тақырыптары
бойынша ұжымдық жұмыстарға, сондай-ақ нарықтық үдерістердің ірі теоретигі, экономика ғылымдарының докторы, академик Аманжол Қошановқа Мемлекеттік сыйлық берілді.

2014 жылғы сәуірде «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарыштық байланыстар мен телерадио хабарларын тарату ұлттық жүйесінің өмірге келгенін жаһанға жария жасаған телекоммуникациялық KazSat-3 жер серігі ұшырылды. 2015 жылы 2–12 қыркүйекте үшінші қазақстандық ғарышкер Айдын Айымбетов Халықаралық ғарыш стансасына ұшу сапарын сәтті аяқтады. 2015 жылғы қазан айында Айдын Айымбетовке Халық қаһарманы жоғары атағы берілді.

2015 жылғы Жолдауда заманауи және тиімді ғылыми-өндірістік жүйенің негізіне әрі ұлттық, әрі өңірлік инновациялық кластерлер және технопарктер алынуы керектігі атап көрсетілді. Алатаудағы Ақпараттық технология паркі, Атыраудағы Ұлттық индустриалды мұнай-химия технопаркі, Курчатовтағы «Токамак» ядролық технология паркі, Алматыдағы, Астанадағы және Приозерскідегі ғарыштық мониторинг технопаркі. Ұлттық технопарктер жаңа салаға бағытталады, еркін экономикалық аймақтар режимінде жұмыс істейді.
2016 жылы наурыз айында 2016–2019 жылдарға арналған Білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Онда көзделген негізгі бағыттар: коммерцияландырылған жобалардың үлесін 20 процентке дейін көтеру, ғылымға бөлінетін гранттарды индустриаландырудың маңызды мәселелеріне қайта бағыттау, инновациялық консорциумдарды (ҒЗИ, конструкторлық бюролар, зертханалар) жүзеге асыру мен дамыту барысында патенттер алу.