ЖАС МЕМЛЕКЕТТІҢ ДАҒДАРЫСТАН ДАМУ ЖОЛЫНА ТҮСУІ

1990-жылдарда құрылған Қазақстанның жаңа нарықтық экономикасының тұрақтылығы тек ішкі факторларға ғана емес, жалпы әлемдегі жағдайларға да тәуелді еді. 1997 жылы шілдеде Малайзия мен Тайландта қаржы дағдарысы болып, мұның соңы осы елдердің ұлттық валютасының құнсыздануына әкеліп соқтырды. Ақшаның тап осылай құнсыздануы – бұл елдерде бұрын-соңды болмаған жай еді. Қаржы апаты бүкіл Оңтүстік-Шығысты және Шығыс Азияның бір бөлігін, содан кейін ондаған мемлекеттердің қаржы нарығын тұрақсыздандырып, Латын Америкасына ауысты. Әлемдік нарықтағы жағдай Қазақстан өндірушілері мен экспорттаушыларына да оңай тиген жоқ. Мәселен, мұнай бағасы 25 процентке төмендеді, ал 1998 жылы одан сайын құлдырап, баррелі 12 долларға түсті. Мыс пен қорғасын күрт арзандады.

Елде арзандаған шетел валютасына деген жаппай сұраныс пайда болды. Ұлттық банк теңге бағамын ұстап тұру үшін қолданған шаралар алтын-валюта қорының қысқаруына әкеліп соқтырды. Н.Назарбаевтың 1998 жылы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында дағдарысқа қарсы күрес бағдарламасы жария етілген болатын. Жолдауды жүзеге асыруға 25 миллиард теңге қаржы бөлінді. Жағдайды тұрақты түрде бақылау және болуы мүмкін кез келген өзгерістерді назарда ұстау үшін Экономикалық саясат жөніндегі кеңес құрылды, оған Үкіметтің экономикалық блогының өкілдері мен Ұлттық банк төрағасы кірді. Бұл шара Қазақстан кәсіпорындарын, банктерін, тұтынушыларын және тұтастай алғанда экономикамызды қорғау үшін барлық шараларды қолдануға мүмкіндік тудырды.

Елбасының бастамасымен жасалған шешуші шаралар тізбегі бірден жақсы нәтиже берді. 1999 жылдың екінші жартысынан бастап теңгенің еркін өзгермелі айырбас бағамына көшуі Қазақстан экспортының дамуына жаңа серпін беріп, өндірістің дамуына қозғау салды. Жыл қорытындысы бойынша елдің төлем теңгерімі едәуір жақсарды, алтын-валюта қорлары өсті, банк жүйесі нығайды. Ең бастысы – өндірістің дамуы қалпына келтірілді. Экономикалық жүйе шеңберінде жинақталған қаражат ішкі инвестициялардың маңызды көзі болғандықтан, салымшылардың мүдделерін қорғау өзекті мәселеге айналды. Бұл мәселені шешу үшін 1999 жылдың қараша айында Қазақстанның жеке тұлғаларының салымдарына кепілдік беру қоры құрылды. Оның құрылтайшысы және бірден-бір акционері Ұлттық банк болды. Жаңа құрылымның негізгі міндеті – халықтың екінші деңгейдегі банктердегі депозиттерін сақтандыру еді. Бұдан былай банкротқа ұшыраған жағдайда немесе екінші деңгейдегі банктерді мәжбүрлеп тарату кезінде салымшыларға 700 мың теңге көлеміндегі салымдарын өтеуге кепілдік берілді (одан әрі кепілдендірілген сома айтарлықтай ұлғайтылды). Бұл шара Ұлттық банк жүйесіне деген азаматтардың сенімін нығайтып, коммерциялық банктердегі дербес салымдар көлемінің өсуіне себеп болды. Нәтижесінде нақты сектор жобасына жеке инвестициялар салуға қолайлы жағдай жасалды.

Экономикасы жаңа сипатқа ие болған Қазақстан 1997–1998 жылдардағы қаржы дағдарысы кезінде жоғалтқандарын түгендеп, дефолттан құтылды және Азиядағы қаржы дағдарысына төтеп беріп, күрделі кезеңнен абыроймен өтті.