ЖАС МЕМЛЕКЕТТІҢ ДАҒДАРЫСТЫҚ КЕЗЕҢДІ БАСТАН ӨТКЕРУІ

1992 жылдың 2 қаңтарында Ресейде басталған бағаның ырықтандырылуы сол кезде әртүрлі тәуелсіз мемлекеттерде тұрып жатқан, сұраным созылмалы түрде ұсыныстан басым түсетін тиімсіз кеңестік экономикалық жүйені мұраға алған, бұрынғы КСРО-ның барлық азаматтарын есінен тандырды. Жаңа либералды ақиқаттармен бетпе-бет келген Ресейде заңды түрде мемлекеттік жүйелеуден босатылған баға бірден шарықтап шыға келді.

Дағдарыстың басталуымен тұтыну нарығынсыз, шикізатсыз және айналым қаржысынсыз қалған көптеген қазақстандық кәсіпорындар өндірісті қысқартуға, тіпті жұмысты тоқтатуға мәжбүр болды. Ресейден сода жеткізу тиылған соң Ақтөбе хром бірлестіктері зауыты өнім шығаруды қысқартты. «Казстройполимер» шикізатсыз қалғандықтан, ол да тоқтады. Шина корды жеткіліксіз болуынан «Шымкентшина» тоқтап тұрды. Ресейлік коксқа тәуелді «Карбид», «Фосфор», «Химпром» жұмысын тоқтатуға жақын еді. Қарағанды металлургия, Өскемен қорғасын-мырыш және Лениногор полиметалл комбинаттары арагідік жұмыс істеп тұрды.

Дәл осындай қаржының жеткіліксіздігінен балабақшалар, мектептер, кәсіптік училищелер жабылып жатты. Тіршілік үшін күрес қазақстандықтардың біраз бөлігінің күшін сарқыды. Көптеген ата-ананың балаларына көңіл бөлуге уақыты болмады. Өз еріктері өздеріне тиген балалар мен жалғызбасты қариялар көшеге қайыр сұрап шықты.

Аса күрделі жағдайға қарамастан Елбасы Н.Назарбаев қашанда адамдармен ашық әңгімеден бас тартқан емес. Жұмыстың жоқтығы мен ақшаның тапшылығынан өмірден түңілген адамдармен сөйлесті. Ондай кездесулер еліміз бойынша жасаған сапарларда, кәсіпорындарда немесе көшеде, кез келген жерде болып жатты. Ол бірде-бір адамның мұң-зарын ескерусіз қалдырмауға тырысты, әркім үшін дұрыс шешім іздеп таба білді, қиындықтардың артта қалатыны туралы отандастарының жүрегіне үміт отын жаға білді.

Мемлекет басшысы ретінде барлық мемлекеттік қызметшілер мен депутаттарды халықпен ашық диалогқа шығуға шақырдым. Тек осындай бірлескен түсіндіру саясаты мен даму перспективасының арқасында қоғамдағы тұрақтылықты сақтап, ұлтаралық және конфессиялық жанжалдардан аман қалдық, унитарлы мемлекетті сақтай алдық.