ЖАС МЕМЛЕКЕТТІҢ ЖОҒАРЫ ОҚУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ҚАРҚЫНДЫ РЕФОРМАЛАРЫ

1990-шы жылдардың екінші жартысындағы жоғары мектеп, сол кездегі қиыншылықтарға қарамастан, үздіксіз бастамашылық, шығармашылық ізденісте болды. Жоғары оқу орындарының, факультеттердің, кафедралардың ғылыми-білім беру қызметі жаңа деңгейге көтерілді.Мемлекеттік жоғары оқу орындарымен қатар, жекеменшік оқу орындары пайда болды. Егер 1995 жылы мемлекеттік емес жоғары оқу орындары жалпы жоғары оқу орындары санының 30 проценті болса, 1998 жылы олардың үлесі 53 процент болып үлгерді. Халықаралық үлгілерге бағытталған жаңа университеттер ашылды. 1996 жылы Алматыда (Қаскелең) С. Демирел атындағы жеке мәртебесі бар университет ашылды. 1999 жылы жеке бастама бойынша Алматыда Қазақстан-Неміс университеті ашылды. Сонымен қатар, мамандандырылған академиялар ашылды. Алматыда СІМ дипломатиялық академиясы (1996 жылы) құрылды, Ақмола облысында Салық полициясы академиясы (1999 жыл) жұмыс істей бастады.

1998 жылы Алматыда Ұлттық жоғары мемлекеттік басқару мектебінің және Біліктілікті арттыру институтының базасында Қазақстан Республикасы Президентіне қарасты Мемлекеттік қызмет академиясы құрылды. Кейіннен Мемлекеттік қызмет академиясы мен Дипломатиялық академия Астанаға көшірілді. 1998 жылы жоғары оқу орындарында 250 мың студент оқыды (33 проценті – қазақ тілінде және 67 проценті – орыс тілінде оқытатын топтарда), соның ішінде мемлекеттік бюджет есебінен – 164 мың адам білім алды. Жоғары оқу орындарына түсу конкурсы жоғары болып қала берді. Бұның өзі жоғары білімнің артықшылығын дәлелдей түсті.

1999 жылдан бастап мемлекеттік тапсырыс негізінде білім беру гранттары мен кредиттері конкурстық жолмен ұсынылатын студенттер контингенті қалыптаса бастады. Бірыңғай тестілеуді жүргізу үшін Республикалық тестілеу орталығы құрылды. Байқау әр мамандық бойынша, тұтастай алғанда ел бойынша жүргізілді, бұл болашақ студенттің мамандықты ғана емес, нақты жоғары оқу орнын да таңдауына жол ашты. 1999 жылы 52 мемлекеттік жоғары оқу орнына жаңа ережелер бойынша 7 мыңнан астам талапкер түсті. Сол кезде Қазақстан жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің үш деңгейлі жүйесіне көшті: бакалавриат, магистратура және докторантура. Бұл ретте аспирантура мен докторантурада ғылыми кадрларды дайындау бұрынғы жүйе бойынша жүргізіліп отырды. Білім беру саласындағы қарқынды реформа Қазақстанның жоғары білім беруді үйлесімге келтірудің еуропалық үдерісі – Болонья процесіне қосылуына алғышарттар туғызды. Осылайша, қазақстандық жоғары білім беру жүйесі бәсекеге қабілеттілікті арттыруға және мамандар даярлауды жас мемлекеттің нақты экономикалық қажеттіліктеріне бейімдеуді бұрынғыдан да жақсартуға бағыт алды.