ЖАС МИЛЛИОНЕРДІҢ ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТУ ФОРМУЛАСЫ

«Бір нәрсе бастау керек еді», «Қарап жүрмей бизнеспен айналысу керек», «Қашан байып кетер екенмін?». Мұның бәрі бүгінгі жастардың ойынан һәм аузынан түспейтін тіркестер. Жыл келеді, жыл жабылады. Өзіне есеп бергенде ештеңе бастап үлгермегенің еске түсіп, еңсең түсіп кетеді ме? Саған не жетпейтінін ойланып көрдің бе? Мүмкін еңбек, мүмкін білім, мүмкін жай ғана мотивация? Ендеше, біздің кейіпкеріміздің жетістігі саған мотивация береді деген үміттеміз.

 Аружан Рахматуллаева ешқандай демеушісіз, мемлекеттің берген мүмкіндіктерін пайдалана білген жас миллионер. Жылды жетістіктермен жабатын, келер жылды жаңа жобалармен бастайтын бүгінгінің озық ойлы жасы.

 

      ­– Аружан, бірнеше жобаларды тиімді жүзеге асыра білген алғыр қызсың. Алайда көп замандастарын мемлекеттік бағдарламаларды пайдалану қиын әрі күрделі деп санайды. Осыған байланысты өз тәжірибелерінмен бөлісе отырсаң…

– Қазіргі таңда мемлекеттен бөлініп жатқан бағдарламалар өте көп. Оны бірі білсе, бірі білмейді. Білген күннің өзінде қатыспайды. Неге? Өйткені көбісінің ойында, санасында «мемлекеттен тек сатып аласың, үміткерлер көп» деген қасаң қағидалар басым. Бір білерім, өзін мүмкіндіктерді ізденіп тауып, ұмтылмасаң ешкім алдыңа әкеп жайып салмайды. Сауаттылық осындайда керек. Арнайы мемлекеттік сайттарды бақылап отыру, жаңалықтар оқу, жастар өмірінен үнемі хабардар болудың пайдасы мол. Құжаттарды туралау да қазір қиын емес, үйде отырып-ақ көп тірлікті тындыруға болады. Ең бастысы, идеяшыл болу керек. Мемлекетімізге пайдасы тиетін жобалар болса, ешқашан шет қалдырмайды. Содан соң қоғамдық проблемаларды көре білу маңызды. Проблема бар жерде шешімі міндетті түрде болады. Шешімін табу­– бұл өмірге жаңа идея келді деген сөз. Тек тартыншақтамай, қорықпай, сол мүмкіндікті іске асыруға бірден кіріскен жөн. Мен де бастапқыда жаңа идеяларымды, жобаларды іске асырарда көп ойланатынмын. Ал тәжірибе жинағалы  қандай ой келсе де, бірден заттандыруға тырысамын. Яғни, іске айналдырамын. Өйткені қоғамға пайдасы тиетін ой жарыққа шығуы тиіс.

2019  жазында мен Алматы қалалық жастарға қолдау көрсету орталығында жұмыс жасадым. Сенесіз бе, мен ол жерде айына 80 сағат жұмыс істеп, қолыма таза 18 000 ғана алатынмын. Сонда менің бір сағат еңбегім 225 тг-ге бағаланғаны. Арасында демалыс күндері қайырымдылық жасап, Арбатта кітап сатып тұратынмын. Ауыр парталарды, мыңнан аса кітаптарды Арбаттың ортасына көтеріп әкелу де қыз баласы үшін жеңіл емес. Одан түскен пайданы түгелімен қайырымдылық шарасына жұмсадық. Шаршайтынмын, бірақ өзіме ұнайтын.  Бір күні қатты депрессияға түстім. «Мен қашанғы бұлай жүремін, неге басқалар менен аз күш жұмсап, көп табыс табады?» деген ой келді. «Зона комфортадан» шығуға тырыстым. Содан үш ай бойы жинаған ақшамды алып өзімді дамытуға жұмсадым. Өзіммен жұмыс жасап, бизнес ашу керектігіме көзім жетті. Алла ниетімді қолдап, мемлекеттен қайтарымсыз 505 000 тг ұтып алып, одан бөлек екі ай ішінде үш жобаны жеңіп, кәсібімді бастап кеттім. Замандастарыма айтарым, қорықпа! Баста! Қимылда! Бірақ бірінші соған өзің лайықты бол!

 

«Жастар жылы», «Еріктілер жылы» несімен ерекшеленді деп ойлайсың? Атаулы жылдар жастар өмірінің сапасын арттыруға қаншалықты көмегін тигізді? Өзің қандай үлес қостың?

 — Бұл жылдар өте ерекше өтті. Мемлекет тарапынан кез келген жоба жастарға ыңғайланып жасалынды. Өз кәсібін ашып, баспаналы болғандар көп. Өкінішке қарай, ешқандай мүмкіндікті пайдаланбастан, қалғып кеткендері де баршылық. Өзім үшін жемісті жыл ретінде есте қалды. Жоғарыда айтқанымдай бұл жылы мен жастарға қолдау көрсету» орталығында жұмыс жасадым. 18-29 жас аралығындағы азаматтарға бизнес жоспар жазуды, әлеуметтік жобалар жасауды, қалай мемлекеттік грант ұтуға болатынын, идеяны іске асыру жолдарын үйреттік. «Жас кәсіпкер» жобасының жеңімпазы атанып, мемлекеттің қайтарымсыз бес жүз бес мың ақшалай грантына «Oй-Like» балаларды дамыту орталығын аштым. Одан соң «Jas project» жобасына қатысып, бір миллион қайтарымсыз грант ұттым. Бұл қаржыға жаздың үш айында Алматы жастары үшін тегін домбыра және фотоөнер курстарын ұйымдастырдық. Одан кейін «Jastar innovation» жобасының жеңімпазы атандым. Мұндағы жобамның бағыты кедергісіз зияткерлік ойындар болды. Яғни тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы секілді ойындарды мүмкіндігі шектеулі, зағип жандарға үйретіп, бірнеше жарыстар, сабақтар өттім. «Оқуға ұсынамын» деген жобам да Алматы қаласында өте ауқымды түрде жүзеге асты. Көп үйлерде шаң басқан, оқылмайтын кітаптар бар. Солардың бәрін жинап, өңдеп,тазалап, арнайы сый үшін қаптамамен безендіріп, арбатта, ойын-сауық кешендерінде саттым. Кітаптан түскен пайданы жетім балаларға, Арыс қаласындағы төтенше жағдайдан зардап шеккен тұрғындарға жолдадық. Кішкене ғана идеяның арқасында жоқтан бар жасап, мемлекетке титтей болса да үлесімізді қостық.

— Карантиндік кезең онлайн қызметті қарқынды дамытты. Көптеген жастар жаңа мамандық игеріп, үйде отырып табыс табуға дағдыланды. Саған бұл кезең қандай мүмкіндіктер берді?

— Иә, індет тек әлемдік экономикаға емес, біздің елімізге де өте кері ықпалын тигізді. Әр істің бір қайыры бар демекші, адамдар көп нәрсенің қадірін білді, басым бөлігі білімге бет бұрды, ізденісті күшейтті. Өздерінің тұлғалық дамуына инвестиция құйды. Онлайн жүйеге бейімделді. Шыны керек, бұған дейін «цифрлы Қазақстан» атанғанымен, көп платформаларға бейім емес едік.

Жалпы бір іспен айналысып қалған адамға карантиндік режим қиын соғады екен. Құр қарап отыру ұнамағандықтан, бірнеше онлайн жобаларды жүзеге асыруды меңгеріп алдым. Тұңғыш Елбасы қорының ұсынған «Елбасы медалі» бағдарламасы бойынша тоғызқұмалақтан үш тілде өтетін сабақтар жүргіздім. Балалардың карантин уақытында да ұлттық ойынды үйренуіне мүмкіндік аштық. Одан кейін инстаграмм желісі арқылы өзімнің авторлық «О2» марафонымды өткіздім. Марафонда тұлғалық дамудың жолдарын, мемлекеттік гранттар жеңіп алу, маркетинг салалары бойынша кеңестер берілді.

— Қазіргі жастардың артықшылығы және кемшіліктері туралы не айтар едің?

 — Қазіргі жастар қай жағынан алсақ та өте мықты. Жан-жақты, сауатты, жеке құқығын біледі. Бәрі үздіксіз дамуда, ізденісте. Кітап оқиды, курстарға қатысады. Өз ісін тауып, өмірден жолын табуға асығады. Көздерінде от бар. Тек дұрыс бағыттап жіберсе болғаны. Кемшілігі – стандартты ойланады, әлеуметтік желіге тәуелді, тайм менеджментті басқаруда әлсіз, идеяларын іске асыруға ерінеді. Бұл сұхбатты берудегі мақсатым да жастарды белсенділікке шақыру, мотивация беру. Парақшамдағы жазбаларым, жобаларым да соған бағытталған.

— Өзіңнің жетістікке жету формуланды қысқаша сипаттап берші?

— Жетістікке жетудің қатып қалған формуласы жоқ. Ең бастысы сүйікті ісіңмен айналысу. Қазіргіден де білімді, мықты болуына инвестиция құю, іздену. Соңғы ақшаңа кофе ішіп, киноға бармастан, кітап алу. Бұл – білімділердің ғасыры. Уақытты үнемді, алтындай қадірлі пайдалану керек. Барлық адамда 24 сағат бар. Бірі сол уақытты дұрыс пайдаланса, екіншісі қадірін білмейді. Адамдардың басты айырмашылығы осы.

 — Оқырмандарға өзің туралы айтып берші. Жалпы жылды қалай қорытындыладың, алдағы жоспарларыңмен бөліссең?

— 1997 жылы Алматы қаласында дүниеге келдім. Мектепті алтын белгіге бітіріп, С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетіне, халықаралық медицина факультетіне түстім. Болашақ дәрігермін. Сонымен бірге Алматы қаласы тоғызқұмалақ федерациясының атқарушы директоры қызметін қатар алып жүрмін. «Oй-Like» балаларды дамыту орталығының негізін қалаушымын. Қазіргі таңда Алматы қаласында бес орталығым бар. Жыл соңында мемлекет тарапынан «Аялы алақан» номинациясы мен «Ұлт жанашыры» төсбелгісін алып, жетістікпен аяқтадым. Көп саяхаттағанды жақсы көремін. Басқа елді көру ойда жаңа идеялар тудырады. Өз еліңнің қадірін түсінесің.

Өткен жылы көптеген адамдардың дамуына септігімді тигіздім. Осының бәрінен түсінгенім, шын ниетпен жасалған дүние болса міндетті түрде жемісін береді. Алдағы жылға үмітіміз өте көп. Орталығымды одан ары дамытқым келеді. Ұлттық ойынымыз тоғызқұмалақтың әлемдік бренд ретінде дамуына үлес қосатын жобаларды бастап кеттік. Бәрі уақыт еншісінде, жақсы жаңалықтарыммен қуантамын деген ойдамын.

— Замандастарыңа қандай кітап оқуға, кино көруге кеңес бересің?

 — Қазір кітап көп. Ең бастысы, өз өміріңе қажеттісін, сенің бағытыңа сай келетінін таңдап оқу керек. Көбі білімді болу үшін қымбат курстар өтуім керек деп ойлайды. Әрине, бұл жақсы. Бірақ білімді тек кітаптан да алуға болады. Өмірге деген бүкіл көзқарасыңды өзгертіп жіберетін кітаптар бар. Жетістікке жетем деген адам міндетті түрде кітап оқуы керек.

— Аружан, ой бөліскеніңе рақмет! Жаңа жыл жаңа жетістіктерге толы болғай!

 

Сұқбаттасқан

Аяулым ТАСТАНБЕК.