ЖАС УИНСТОН

(жалғасы)

…Харроуға түскеннен кейін екі жылдан соң Уинстонды әскери емтихан күтіп тұрды. Ол бұл сынақты іштей қорқынышпен күтіп жүрді. Оның қорқынышы негізсіз еді. Ол барлық пәнді ойламаған жерден сәтті тапсырып шықты. Жағрапия бойынша емтиханда нақты елдер бойынша сұрақтар қосылған болатын, бірақ оның ішінде нақты қай елдің сұралатыны туралы ешкім білген жоқ еді. Ал Уинстон болса болуы мүмкін-ау деген 25 елдің ішінде Жаңа Зеландияны таңдап алып, ол туралы әбден бастан-аяқ мәлімет жинап, оқып шықты. Емтихан билетін суырған кезде оған осы өзі әбден оқып-білген Жаңа Зеландия туралы сұрақ келіп түсті.

Әскери емтиханға он күн қалғанда Уинстонның жасы он алтыға толған болатын. Лондонға аз күнге барған сапарында ол қыздарға көз салып, «сондай тартымды көрінетін мисс Уислетке жақсы әсер қалдыруға» тырысты. Мұны байқаған бойда ондағылар оны дереу үйіне қайтарды. Жасөспірім Уинстонның өзі үшін тағы бір ашқан жаңалығы – шылым шегу болатын. Анасы оның бұл әдетін қойғызуға қаншама рет тырысып бақты, «сен шылым тартып тұрған кезде сондай ақымақ болып көрінесің» дегенімен, онысынан ештеңе өнбеді. Кейін анасы лорд Рэндольфті ұлына ат пен қару сыйлауға көндіретін болып, соның ақысына ұлының ендігәрі шылым шекпеймін деген уәдесін алды. Уинстон бұған келісіп, алты ай бойы аузына шылым салмады. Бірақ бұл уәде бар-жоғы алты айға ғана созылды.

Сол жылдан бастап Уинстон жеткіншекке тән тентектікке бейім екенін көрсете бастады. Сол жазда Харроудағы өзге де балалармен қыдырыстап жүріп, олар иесіз қалған фабрикаға келді. Оның терезесінің көбі онсыз да сынған болатын, балалар оның қалған әйнектерін бір-бірлеп шағуға кірісті. Әйнектің сыңғырлап сынып жатқан дыбысын естіген қарауылшы келіп, болған жайды түгел мектеп басшылығына хабарлады. Жаза ретінде Уинстон мен оның қасындағылар «өңдеуден» өтетін болды. Бұл мектептің «сөздік қорында» дүре соғуды білдіретін. Оның шығынын тентектердің әкелері төлейтін болып міндеттелді. Бұл қаржылық жағдай онсыз да шатқаяқтап тұрған Уинстонның жағдайын қиындатып жіберді.

 

АТА-АНАНЫҢ ЖАҚТЫРМАУЫ

Расында да Дженнидің ешқашан бос уақыты болмайтын, біресе жолға, сапарға шығатын, бірде достарына барып, бірде өзі достарын қабылдап, сауық кештеріне қатысып, тіптен балаларға көңіл бөлетін уақыт қалмайтын. Уинстон мен інісі Джекті үнемі демалыста туыстарына жіберетін. Олар Рождествоға немесе Лондон қоғамының бәйге өткізетін маусымына тап келген кезде үйдегілердің бәрі көңіл көтеру қамында болатын. Лорд Рэндольф болса әйеліне қарағанда балаларына тіпті де көңіл бөліп жарытпайтын.

1892 жылы жазда Уинстон Сандхерстегі Корольдік әскери колледжіне емтихан тапсырмақшы болып әзірленіп жатқан. Ол күніне он сағат бойы әзірленді, бірақ оның еңбегінің бәрі зая кетті. Ол кавалерияға түсуге арналған міндетті 1300 баллдан төмен ұпай жинап, емтиханнан өтпей қалды. Бұған еш таңғалмаған, бірақ ашуланған Дженни Уинстонды бизнеске орналастыру жоспары туралы ойлай бастады. Мальборо секілді жер иеленуші ақсүйек тұқымында амалдың жоқтығынан ғана саудаға баратын. Уинстон қайыра емтихан тапсырғанымен, одан тағы да құлап қалып, нағыз абыройсыздықты бастан кешкендей күйде қалды. Тек міндеттелген 351 баллға жетуге шақ қалғаны, сөйтіп, өзінің мүмкіндігін сәл де болса көрсете алғаны ғана оның көңілін аздап жұбатқандай болды.

 

МЕЗГІЛСІЗ КЕЛЕТІН АУРУДАН ҚОРҚУ

1892 жылы қараша айында Бленхеймде әулет үшін қайғылы жағдай болды: Уинстонның ағасы, Мальбороның сегізінші герцогі 48 жасында кенеттен қайтыс болды. Оның ұлы Чарльз, Уинстонның немере ағайыны және «Кішкентай Күн» деп аталатын ең жақын досы герцог титулын иеленді. Бар болғаны жиырма жастағы, әлі үйленбеген Чарльздің лауазым иеленуі оның алдында адамды қызықтыратын келешегі бар сияқты көрсететін. Үйленбеген жаңа герцогтің өз ұлы болғанға дейін Уинстонның әкесі лорд Рэндольф уақытша оның мұрагері болып бекітілді. Дегенмен Уинстонды мазалаған жай бұл емес еді. Бұлардың отбасының, яғни Черчилльдер ер адамдарының ғұмыр жасының қысқа болатындығы оны уайымға батыратын.

Осыдан көп жыл бұрын лорд Рэндольфтің үш інісі бірдей сәби кездерінде қайтыс болып кеткен. Енді, міне, төртінші ұл елуге толмай бақиға аттанды. Уинстонның өз інісі Джекті басында өлі туды деп есептеген, ал Уинстонның өзі болса өмір бойы аурушаң. Осы көңілге мұң ұялататын жайлар туралы жиі ойлағаннан ба, Черчилльге өзі де өмірден ерте кететін секілді көрінетін. Ол өзін жасымнан ерте қайтыс болам ба деп іштей уайымдаумен жүрді. Бұл үрей ұзақ жылдар бойы оның соңынан қалмай жүрді десе де болады. «Жасымның қырыққа келгенін – өмірімнің соңына жеттім деп есептеуге бола ма…» деп толғаныпты.

Бірақ ол өзінің соңынан із болып қалар іс жасауға үлгеру керектігін осыдан жиырма жыл бұрын ойлап, сол әрекетке қадам жасай бастады. Сандхерстке оқуға қабылдану ол үшін ең басты қажеттілік саналған еді. 1893 жылдың алғашқы жарты жылы репетитор-Лондондағы капитан Джеймспен бірге бас алмай оқып, сабаққа әзірленуден қолы тимеді. Репетитор студенттерді үнемі ақпараттармен қамтып отырды, тіпті шамадан тыс болса да бұл әдіс өзін ақтады. Ең соңында 1893 жылы Уинстон үшінші рет әрекеттенгеннен кейін ақыры 6309 балл жинап, емтиханнан өтті. Бұл көрсеткіш жаяу әскерге жарамағанымен, кавалерист-студенттер тізімінде қырқыншы болып тұруға жетті. Уинстон қуанып қана қоймады, тағдырына ризашылық білдірді. «Егер мен тағы бір рет құлап қалған болсам», – деді ол анасына, – онда менің барлық мүмкіндігіме балта шабылғандай болар еді. Өйткені ендігі жерде менің өз тағдырым өз қолымда, жаңа өмір бастай аламын».

 

(Жалғасы бар)

Үзінді «Черчилль. Ерекше тағдыр…»

 жарқын белестер кітабынан алынды.