ЖАСАМПАЗДЫҚҚА ТОЛЫ ЖЫЛДАР

Шымкенттегі Әл-Фараби ғылыми-әмбебап кітапханасында «Тәуелсіз Қазақстан: Жасампаздыққа толы жылдар. Шымкент қаласының басты жетістіктері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қатысты. Шыңғыс Жұмабекұлы мемлекетіміздің соңғы отыз жылдағы  тарихи серпілісін, нарықтық экономиканы құруда үшінші мегаполистің алар орны ерекше екенін жеткізді. Қала халқының 52 пайызы егемендік алған 30 жылдың ішінде дүниеге келгенін және шаһар тұрғындарының орташа жасы 28-ді құрағанын айтты. Сондай-ақ, айтулы жылды шаһарда кең көлемде мерекелеу барысын атап өтті.

– Тәуелсіздіктің 30 жылдығын кең көлемде қамту мақсатында басқармалар мен аудан әкімдіктерінен ұсыныстар жинақталып, әр айға арнайы атаулар берілген. Бұл ретте биыл бірінші жартыжылдықта қала бойынша Тәуелсіздігімізді ұлықтаған 175 іс-шара өткізілді. Оның ішінде республикалық 74 ауқымды іс-шараға 45 мыңнан астам адамды қамтыды.Егемендік алғалы елімізде көптеген ауқымды жобалар атқарылып, соның жемісін көріп келеміз. Осы жетістіктердің ішінде Шымкент қаласы мен жұртшылығының алатын үлесі едәуір. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын таба береді, —деді ол «дөңгелек үстел» барысында.

Басқосуға сондай-ақ,  үшінші мегаполистің зиялы қауым өкілдері мен тиісті сала басшылары қатысты. Атап айтқанда,  «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов, белгілі қаламгер, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мархабат Байғұт, М. Әуезов атындағы ОҚУ проректоры Сәкен Мәжiнбеков, қалалық мәслихаттың депутаты Рәшкүл Оспанәлиева, «Азаматтық Альянс» ҚБ төрағасы Жұмағали Бiлiсбеков, «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газеттерінің бас редакторы Бақтияр Тайжан, ҚР Журналистер Одағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, «Оңтүстік» телеарнасының директоры Уәли Қыдыр, «Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінің директоры, айтыс ақыны  Біржан Байтуов, «Дустлик» өзбек этномәдени бірлестіктері қауымдастығының төрағасы Икрамжан Хашимжанов, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Дархан Асаділов, «Рухани жаңғыру» өңірлік жобалық кеңсесінің меңгерушісі Зәуре Оралбаева келелі ойларын ортаға салды.  Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Шымшаһарда атқарылған жұмыстар мен жеткен жетістіктерді талқылап,  «Туған қала» атты бейнероликті тамашалады.