ЖАСАМПАЗДЫҚТЫҢ ЖАРҚЫН КӨРІНІСІ
Отыз жыл тәуелсіздіктің көк туын желбіреткен қазақстандықтар төрткүл дүниені таңқалдыра әлемнің әйдік елдерінің қатарынан ойып тұрып өз орнына ие болды. Елбасымыздың басты мақсаты еліміздің жаңаша дамуы болса, ол қолға алынып, индустриалдық-инновациялық жобалар жүзеге асып, тамаша жетістіктердің арқауына негіз болды. Ғасырларға пара-пар осы кезеңде ел тізгінін қолына бекем ұстаған Елбасы – Қазақстанның бірінші Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген саясатын, жаңашылдығын, аса жоғары ұйымдастыру қабілетін, қажымайтын күрескерлігін бүкіл әлем мойындады. Ері елін әлемге танытты. Елі ерін бүкіл дүние жүзіне мойындатты.
Ынтымағы мен бірлігі жарасқан, экономикасы мен мәдение-
ті өркендеген, жер көлемі жағынан жер шарында тоғызыншы орында тұрған, жерінің асты да, үсті де қазына-байлыққа толы мемлекеттің азаматы болу, оның үстіне елінің еңсесін көтерген дара тұлға Нұрсұлтандай көшбасшы перзенті бар мемлекеттің азаматы атану – әр қазақстандық үшін бақыт, биік мәртебе.
Елімізде нарықтық экономика құрылып, тиімді жұмыс істеуінің нәтижесінде білімді, мәдениетті дамыту, денсаулықты жақсарту бағдарламалары табысты жүргізілуде. Осындай қажыр-
лы да қайратты іс-шаралардың арқасында республиканы былай қойғанда, тек қана Шымкент қаласында соңғы жылдары өмірге келіп, халыққа қалтқысыз қызмет етіп жатқан облыстық филармония, опера және балет театры, өзбек драма театры, «Ордабасы» алаңындағы «Тәуелсіздік» монументі, «Шәмші әлемі», спортшылар аллеясы, «Даңқ» мемориалдық кешені, Неке сарайы оңтүстік өңірінің көрікті де көрнекті орындарының біріне айналып отыр. Мұның бәрі – Тәуелсіздіктің жемісі, Нұрсұлтан Әбішұлының жүргізген таңғажайып саясатының, кемеңгер басшылығының жемісі. Біздер, шығармашыл қауым, осындай игілікті істердің Елбасы – Қазақстанның Тұңғыш Президентінің кемеңгер басшылығымен жүзеге асқанына әр кезде де мақтанамыз.
Нұрсұлтан Әбішұлы – Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы республикалық қоғамдық бірлестігінің төралқа төрағасы. Осы қоғамдық бірлестікте қызмет жасайтын әрбір азаматтың Нұрекеңмен бірлесе ел мүддесі жолында жүргенін мақтан етері анық. Ұлт Көшбасшысының шет елдерде жүрген бауырларына деген ыстық ықыласын әркезде де көзімізбен көріп, көңілімізге түйіп, ризашылығымызды білдіретінбіз.
Мен де осыдан біраз жыл бұрын Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының үш облыстағы төрағасы болып қызмет атқардым. Негізгі міндетіміз – шет елдерде жүрген қандастарымыз-
дың Атамекеніне оралуына көмектесу болды. Дүние жүзінде түрлі себептермен өз Отанынан шет елдерге кеткен қандастарын тарихи туған жерлеріне қайтарумен айналысып жүрген үш-ақ мемлекет бар. Олар – Германия, Израиль, Қазақстан. Қазақстаннан кеткен немістер мен еврейлердің, сондай-ақ, орыстардың ол жақты жерсінбей, Қазақстанға қайтып келіп жатқанын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы оқып та, көріп те, есітіп те жүргендеріңіз ақиқат. Ал бізде, Қазақстанда еліне оралған қазақтарға көрсетіліп жатқан қамқорлықты тілмен айтып жеткізе алмайсың. Басқасын айтпағанда, Шымкент қаласындағы «Асар» мөлтекауданына барып көріңізші. Зәулім екі қабатты үйлер. Газ да, су да, электр қуаты да бар. Тіпті әр үйдің жанынан жылыжай (теплица) жасалған. Қысы-жазы көкөністерді жеуіне толық мүмкіндік бар.
Тәуелсіз Қазақстанымыздың тұсында елімізге миллионға жуық бауырларымыз оралса, оның 100 мыңнан астамы біздің аймақты тұрақты мекеніне айналдырды. Мәселен, Түркістан облысының аудандарынан «Асар», «Атамекен», «Ынтымақ», «Достық» сияқты жаңа ауылдар мен мөлтекаудандар пайда болды. Олардың барлығында да мектеп, аурухана, емхана бар. Тұрмысқа қажетті барлық жағдайлар жасалған.
Мен қазіргі уақытта «Киелі Қазығұрт» қоғамдық қорының президенті болып қызмет атқарамын. Осыдан үш-төрт жыл бұрын басылым беттерінде жарияланған Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» деген мақалалары еліміздің мәдени өмірін жаңғыр-
тудағы биік белес болды. Жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, туып-өскен өлкенің әсем табиғаты мен туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыру жолында біздің «Кие-
лі Қазығұрт» қоғамдық қоры да көп жұмыстар атқарып келеді.
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы әр жылдары Оңтүстікке іс-сапармен келген кездерде журналист ретінде Елбасымен кездесулердің басым бөлігіне қатысып келемін. Өткенде Түркістан қаласында Елбасымыздың зиялы қауыммен кездесуіне қатысу құрметіне ие болдым. Нұрсұлтан Әбішұлының жайдары мінезі, қарапайымдылығы, халқын керемет жақсы көретіндігі, олармен қоян-қолтық араласып кететіндігі біздерді айрықша ризашылық сезімге бөлейді. Оның әрбір сөзі халыққа таңғажайып рух беріп, жаңа белестерді алуға жігерлендіре түседі.
Шымкент қаласында 2009 жылдың қыркүйек айында «Тәуел-
сіздік» монументі ашылған. Сонда Президентпен бірге монумент жанында тұрып, онымен жүзбе-жүз кездесіп, амандасып, оның алақанының жылуынан нәр, нұрлы жүзінен қуат алып, рухтанып, екі жарым миллион халықтың атынан сөз сөйлеу қошеметіне ие болған сәтте былай деген едім: «Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, өзіңіз бас болып жасаған «Қазақстан 2030» стратегиялық бағдарламаңыздың жемісін де, рахатын да халқыңызбен бірге көре беріңіз! Жаратқан ием жар болсын! Баршаңызға Алланың нұры жаусын!»
Тек менің ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың да тілегі осы.
Байдулла ҚОНЫСБЕК,
«Киелі Қазығұрт» қоғамдық қорының президенті, Қазақстанның
Құрметті журналисі.