«ЖАСТАР ПРАКТИКАСЫ» БАҒДАРЛАМАСЫМЕН 1500 ЖАС ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛМАҚ
«Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасының үшінші бағыты бойынша «Жастар практикасы» арқылы жұмыссыз жүрген жастарды тұрақты жұмыспен қамту көзделген болатын. Нәтижесінде бағдарлама аясында өткен жылы Шымкентте 2953 жас жұмысқа жолдама алып, олардың 536-ы тұрақты жұмыспен қамтылған.
Мемлекеттік бағдарлама арқылы жұмыспен қамтылған азаматтардың бірі — 23 жастағы Динара Рахымбай. Ол балабақшаға жұмысқа орналақан.
– 2020 жылдың қыркүйек-желтоқсан айларында балабақшада қоғамдық жұмыспен үш айдан астам уақыт жұмыс істедім. Мерзімім аяқталып, таяуда «Жастар практикасы» жобасына қатысуға құжаттарымды өткіздім. Орталық маған осында жолдама берді. Жұмысым, ұжымым өзіме ұнайды. Балалардың денсаулығын күнделікті бақылауда ұстаймын. Жалпы, аталған жоба жастардың тәжірибе жинақтауына мол мүмкіндік береді. Сондықтан, өзім қатарлы замандастарымды «Жастар практикасына» қатысуға шақырамын, — дейді Д.Рахымбай.
Айта кету керек, аталған жоба аясында биыл да жұмыстар қарқынды жүзеге асырылмақ. «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында 1500 жасты қамту жоспарланып отыр. Демек, жасы 29-дан аспаған, жоғары және арнаулы орта оқу орнын бітірген немесе оқуын тәмамдағанына үш жыл өтпеген жұмыссыз жастарға жұмысқа орналасуға мүмкіндік беріледі.
Жалпы қалада 14 пен 29 жас аралығындағы жастар саны — 239 443. Шымкент қаласы Халықты жұмыспен қамту орталығы мамандарының мәліметінше, 2021 жылы да жұмыссыз жүрген азаматтарды, оның ішінде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына көптеп тарту жоспарлануда.
Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы