ЖАСТАРДЫҢ ҚОЛДАУШЫСЫ — ЕЛБАСЫ!
Еліміздің кешегі тар жол, тайғақ кешу заманда, Тәуелсіздіктің елең-алаң шақтарында бұғанасы қатпаған мемлекетіміз еңсесін көтеріп, шекарамызды шегендеп, халқымызды төрткүл дүниеге танытқан, нұрлы болашаққа жетелеген, сан ғасырлар бойғы бабалар арманын баянды еткен, небәрі 10 жылдың төңірегінде Тәуелсіз елдің Астанасын салып, еліміздің абыройын асқақтатып, мәртебемізді әлемге әйгілеген, халқымызға пана, жастарға аға болған Ел сайлаған Елбасымызға мың алғыс!
Біз, жастар Тұңғыш Президентіміздің қамқорлығын әрдайым көрудеміз. Мәселен, өткен жыл Жастар жылы болып жария-
ланды. Бұл – Нұрсұлтан Әбішұлының ел болашағы – жастарға деген қолдауы екені сөзсіз. Осы жылы қатарластарым мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, өркен жаймақ. Қуаныштымын, әрине! Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаев – біз үшін алып тұлға, қазақ халқының көшбасшысы, әлемге танымал арда азамат десем, артық айтпағандық болар. Бұл сөздеріммен әр жас келіседі. Оған бек сенімдімін.
Сонымен қатар біз ғана емес, көпұлтты, сарабдал саясаты салиқалы мемлекетіміздің әр тұрғыны бұл қамқорлықты сезінді деген ойдамын. Бүгінгі күні қатарластарым сапалы білім, саналы тәрбие алып, жемісті еңбек ете алады. Жас буын өкілдері Елбасымен бірге, оның әр шешімін қабылдап, әрдайым қолдайды.
Жарқын болашағымыз үшін елін сүйген Елбасыға зор алғысымызды білдіреміз!
Айбек СҰЛТАНМҰРАТ,
жас кәсіпкер,
Жетісай қаласы.