ЖАСТАРДЫҢ ЖҰЛДЫЗЫН ЖАҚҚАН ЖАСАМПАЗ ЕЛ
Тәуелсіз Қазақстанда өмірге келген жаңа ұрпақ 2010-шы жылдары кәмелеттік жастан асып, өз бетінше өмір сүруді бастады. Елбасы 2012 жылдың шілдесіндегі «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында Қазақстаннан тыс жерде жұмақ жоқ екенін, еш жерде, әлемнің ешбір елінде бәріне бірден ие болу мүмкін еместігін, туған Қазақстанда еңбек етіп, өз әлеуеттерін жүзеге асырулары қажет екенін атап көрсетті. Жас ұрпақ үшін тиімді әлеуметтік лифтілер құру және өз бетінше өмір сүруге, ынталы еңбекке дағдылану жүйесін қалыптастыру қажеттілігіне ерекше тоқталды.
Осылайша ең алдымен жұмыссыз жастардың санын азайтуға, жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеуге қол жеткізілді. Жасөспірімдер арасындағы жұмыссыздық (15-18 жастағы азаматтар) 4 процентке төмендеді. Бұл – екі онжылдықтағы ең төменгі көрсеткіш. Бұл бағыт бойынша мемлекет тарапынан жүзеге асырылатын жұмыстар 2010-шы жылдардың екінші жартысына дейін де жалғаса береді.
2015 жылы ақпан айында «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңға қол қойылды. Осылайша кеңес беру-ақылдасу кеңестеріне жастардың қатысуы қамтамасыз етілді, жастар форумдарының мәртебесі бекітілді,
жастардың ресурстық және әлеуметтік қызмет орталықтарындағы қызметі реттелді, жоғары оқу орындары мен еңбек ұжымдарындағы жастардың өзін-өзі басқаруы қарастырылды.
Мемлекеттегі білім беру жүйесі жақсарған және үдерісті сипатта болған сайын сол ел жастарының мүмкіндіктері молая түсері сөзсіз. Бұл тұрғыда Қазақстанның жағдайы мақтанарлықтай: қазақстандық жастардың білім
деңгейі (99,8-99,9 процент) біздің еліміздің БҰҰ-ның адами даму индексі бойынша жаһандық рейтингінің көш басында тұруын қамтамасыз етті.
Жастарға қолдау көрсету көптеген түрлі мемлекеттік бағдарламаларда қарастырылған, бұлар 2016 жылы жарты миллионнан астам адамды қамтыды.
Мәселен, «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламасы аясында жас отбасыларға 3,5 мың пәтер бөлінді. Болашақ ұрпақтың мүддесі мен маңызды қажеттіліктері Ұлт жоспарында ғана емес, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020», «Бизнестің жол картасы-2020», сондай-ақ «Дипломмен – ауылға!», «Жасыл ел», Жастардың кадрлық резервтері, «Жастар – Отанға!», Ұлттық Дельфий ойындары, «Жайдарман» КТК (КВН) және басқа да арнайы жобаларда көрініс тапқан.
2010-шы жылдары әскери-патриоттық тәрбиеге көп көңіл бөлінді. 2016 жылдың маусым айында Қарағанды облысындағы Спасск полигонында «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жиыны өтіп, бұл шараға
әскери-патриоттық клубтар, әскери мектеп оқушылары, студенттер қатысты. Қазақстандықтардың дүниетанымын жаңартып, олардың болашаққа деген тың көзқарасын қалыптастыруды мұрат тұтқан «Рухани жаңғыру»
бағдарламасы жастарға кеңінен жол ашты.
Еңбекпен қамту деңгейін, сондай-ақ азаматтардың саяси және азаматтық белсенділігін ескерген 2016 жылғы жастар дамуының жаһандық индексінде Қазақстан 183 елдің арасында Түркия (62-орын), Ресей (110-орын)
және Қытай (118-орын) елдерін артқа тастап, 61-ші орынды иеленді.