«ЖАСЫЛ ЕЛ» — ЖАСТАР ТІРЕГІ
«Жасыл ел» – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан экономикалық, әлеуметтiк және саяси жедел жаңару жолында» Жолдауы негізінде 2005 жылдан бастап жүзеге асырылып келе жатқан кешенді бағдарлама. Сол жылы Астана қаласында «Жасыл ел» Жастар еңбек жасағының Республикалық штабы құрылып, ұлан-ғайыр мекеннің барлық аймағанда бөлімшелері ашылып, өз жұмысын бастап кеткен еді. Аталмыш бағдарлама он екі жыл ішінде көптеген жастың Отанға деген сүйіспеншілігін оятып, елімізді жасыл желекке айналдыру мақсатында олардың жалын-жігерін, күш-қуатын бір арнаға тоғыстыра алды. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген философияны өскелең ұрпаққа ұғындырып, жазғы демалыстарын босқа өткізбей, жұмыс істеп, қосымша қаржы табуға молынан мүмкіндік тудырды. Уақыт өткен сайын жалпыұлттық бастамаға үн қатып, қолдау білдіруші студенттердің, жалпы жастардың қатары артып келеді. «Ағаш ек, гүл ек, туған жерді түлет» немесе «бір тал кессең, он тал ек» деп ата-бабамыз бекер айтпаса керек. Жасыл желек – жан саясы. Қай дамыған мемлекетті алып қарасаңыз да, жастардың белсенділігі өте жоғары екенін көріп, бар шаруа жастардың жұмыла қатысуымен бітетіні белгілі. Сондықтан да бізде де еліміздің гүлденуі үшін, озық мемлекеттердің қатарынан орын алуы үшін бәріміз жұмыла жұмыс жасауымыз керек. Бұл бағдарламадағы басты бағыт – табиғатты қорғау, экологияны сақтауға ғана емес, жастардың тәрбиесі мен еңбекке баулу. «Бағдарламаның тағы бір тиімді тұсы – жастарды еңбекке тарту. «Жасыл ел» бағдарламасының аясында тоқсан мың адам жұмыспен қамтылған екен. Жастар тек қана қалаларда ғана емес, орманды өрт шалған аумақтарда да жұмыс істейді. Аталмыш бағдарлама аясында еңбектеніп жүрген жастар бүгінгі күнде көшелерді, арық бойларын тазалап қана қоймай, футбол алаңдары ауласында тазалап, қураған ағаштарды кесіп, тасжол жиектерін әктеу сияқты игілікті іс жасау барысында үлкен белсенділік көрсетуде. Маусым, шілде тамыз айларында жасақшылар тынбай жұмыс жасады. «Таза болса маңымыз, сау болады тәніміз» деп атам қазақ айтпақшы, «Жасыл ел» жасақшылары қоршаған ортаның көркеюіне, қоғамдық орындардың таза тұруына өз септігін тигізуде.
Сөз басында аталмыш бағдарлама 2005 жылы қабылданып, жүзеге аса бастады дедік. Басқа-басқа емес, бес жылдың ішінде-ақ «Жасыл Ел» бағдарламасы кеңінен жайылып, нәтиже беріп, «Жасыл Ел» еңбек отрядтары құрылды. Бес жылдың нәтижесі бойынша «Жасыл Ел» отряды жауынгерлерінің саны бүкіл республика бойынша жүз он төрт мыңнан асқан еді. Ол отрядтар ағаш отырғызу, саябақтарда, темір және автокөлік жолдары бойында көшеттерді отырғызумен айналысады. Ол ұйым елді көркейтіп жатыр десек, артық болмас. Санасақ, осы күнге дейін «Жасыл ел» жасақтары құрамында екі жүз жиырма мыңға жуық жас еңбек етіпті. Соның арқасында елімізде жүз гектар жер абаттандырылып, елу миллиондай ағаш егілген екен. Ал биыл бұл көрсеткіш тағы да еселенбек. Енді, жастар жұмыс істегені үшін лайықты еңбекақы алатын болады. Студент жастарды жазғы мезгілде бос уақытын тиімді пайдалану үшін әрбір аудан, қалада «Студенттік құрылыс жасақтары» мен «Жасыл ел» еңбек жасақтары жұмыстар істемек. 2015 жылы тек студенттерді ғана емес, сонымен қатар, жұмыссыз жастар да жасаққа шақырылыпты. Бұл да жұмыссыздықтың азаюына өзіндік септігін тигізері анық. «Жасыл ел» – тек патриоттардың, елін сүйетін азаматтардың орны. Әр адам өз елінің патриоты болуы керек. Осы орайда аянбай еңбек етіп, өз туған жерінің мәртебесін көтеру әр қазақтың, ел болашағы болып саналатын жастардың міндеті. Қазақстан – жас мемлекет. Бұндағы халықтың басым көпшілігі бойында жалыны-қуаты тасыған жастар екені мәлім.
Жастар – ұлт келешегі, қоғам айнасы. Оларға қарап ертеңгі күннің, болашақтағы қоғамның қандай болатынын болжаймыз. Сондықтан да олардың қызығушылығын қоғам игілігіне қара бұру дұрыс дүние. Жалпы, қандай елде болсын азаматтарының, жастарының ел ісіне араласуы жақсы құбылыс!.. Қазіргі танда, елімізде жастар саясаты қолға алынуда. Бұл орайда, көптеген игі бастамалар өз жемісін беруде. Осы саясатты іске асырудың негізгі міндеттерінің бірі – жастарды елжандылыққа тәрбиелеу, ішкі саяси тұрақтылықты нығайту. Аталған міндеттерді іске асыру мақсатында республика бойынша жастарды патриоттық тәрбиелеу іс-шаралары да әзірленген. Солардың бірі – «Жасыл ел» бағдарламасы. Елбасы бастауымен бұл бағдарлама кең етек алды. Республикамыздың он төрт облысы мен Алматы, Астана қалаларында «Жасыл Елдің» аймақтық штабы өз жұмысын бастаған еді. Бүгінде, қазақ жастары осы бағдарламаның іске асуына барынша атсалысуда. Солардың көмегімен әлгі бастама осы күнге дейін жақсы нәтиже көрсетуде. Жалпы, бағдарламаның негiзгi мақсаты – жастардың күшiмен елiмiздi көгалдандыру, елді-мекен айналасын жасыл ағаштармен көмкеру, көркейту, сонымен қатар жастардың Отанға, жерге, табиғатқа деген махаббатын, патриоттық сезiмiн ояту. Ең бастысы, жылына қаншама жастарды осы іске тарта отырып, олардың арасындағы жұмыссыздықты төмендету. «Жасыл ел» бағдарламасы жақсы бастама ретінде бүгінгі күнге дейін өз өзектілігін жоғалтқан емес. Қаншама студенттерiмiз бос уақытын тиiмдi өткiзе отырып еліне қызмет етіп жүр. Сондықтан мынадай iс-шараға барлық оқу орындары атсалысса, тiптен жақсы болар едi. Қоғамға, өз ұлтына пайдасын тигізер кезде аянып қалмайтын жасақшыларымызға алдағы уақытта сәттілік тілейміз!..
Ақерке БЕРШІМБЕКОВА,
№143 Сүйінбай атындағы жалпы білім беретін мектеп оқытушысы.