ЖЕЛТОҚСАН АҚИҚАТЫ
Өсер ұлдың қай сәтте де берік болмақ қалауы,
Лаула, лаула желтоқсанның мұзға жаққан алауы!
Өздеріңдей өр намысты, жас өркені бар елдің,
Ешқашан да еңкеюге тиісті емес жалауы!
Мұхтар Шаханов.
«Желтоқсанның ызғарынан әлі тоңам. Желтоқсан келсе көңілімді мұң басады. Сол күнгі ызғар, сарышұнақ аяз жүзімді қарып, шейіт кеткен періште жастардың жанұшырып шыңғырған үндері құлағыма келгендей болады. Бірде Қайрат, бірде Ләззат болып үн қатады. Сол күндері қорлық көрген қандасына ара түсем деп темір торға тоғытылған өмірлік жарым Есжаным да сол күнгі соққыдан денсаулығына сызат түсіп, дүниеден ерте озды». – деп еске алады, дүниені дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасының куәгері, алаңға шығып зобалаң күндерді бастан кешірген Шәкизада Жахангерқызы Мырзалиева.
Айтса айтқандай, жауыздық пен зұлымдық белең алған сол күндері алаңға шыққанды былай қойып, сол жерден кездейсоқ өтіп бара жатқан кәмелетке толмаған балаларды да абақтыға апарған сорақылықтарға жол берілгені мәлім. Сол кезде заңғар жазушы Сәбит Мұқанов мұражайында қызмет ететін Есжан да Л.И. Брежнев атындағы алаңға жиналған жастардың ен ортасында жүр еді. Қарусыз, бейбіт көңілмен «Менің Қазақстаным» әнін айтып, шоғырланған өрім жастар өздерін алда не күтіп тұрғанынан бейхабар еді.
Иә, қатыгездіктің жан түршігерлік шыңына жеткен ол күндердің естелігін еске алудың өзі қиын. Отыз тоғыз жыл ғана өмір сүріп, соңына аз болса да саз мұра қалдырған дауылпаз ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Есжан Айнабековтың қаламгерлігін білсе де, қалың жұртшылық осы бір өткір жанарлы, шалт мінезді жігіттің Желтоқсан қаһарманы екенін біле бермес. Өйткені, түркі әлемінің тұмары Түркістан қаласындағы «Тұран» атты ауылдың Есжан Айнабеков атындағы көшесіне қағылған билбордта оның тек ақын екендігі ғана жазылған. Міне, осы тақтайшаға отызында орда бұзып, қырыққа жетер-жетпес жасында қамал алған азаматтың желтоқсандағы бұрымды бойжеткендерімізге ара түскені үшін темір түрмеге түскен ер мінезін паш ететін «Желтоқсан қаһарманы» екендігін қосып жазған орынды секілді.
Әділетсіздіктің құрбаны болып, жазықсыз жапа шеккен қазақ жастарының бірі Есжан Сейдуллаұлының басынан өткен сол күндер туралы жазушы, Жазушылар Одағы басқарма мүшесі, профессор, сол тұста Сәбит Мұқанов мұражайында басшының орынбасары қызметінде болған Құлбек Ергөбек Есжан Айнабеков туралы жазған естелігінде былайша еске алады: «Күркіреген күндей болып, «Желтоқсан оқиғасы» өтті. Бірер күннен кейін Сәбит жарықтықтың мұражайына көзі көгерген, басы жарылған, қабырғасы сынған, қисайып Есжан келді. Көңілсіз күндер, түнерген түндер. Үрейлене қарадық. Мәриям апай қорқып кетті. Музейді басқарып отырған Сәбең мен Ғабеңнің ортақ немересі, орыс тілді Нейла Арыстанқызы тіктене қалды. Қайдан келгенін бәріміздің ішіміз сезді. Оңашалап сұрап, істің мән-жайына қанықтым. Мейірхан Ақдәулетов екеуі желтоқсан оқиғасы қайнап жатқан алаңға барады. Жалындаған жастармен бірге әділет іздейді. Ақыры әлгіндей… Бірін-бірі сүйрелеп, майдан алаңынан әрең шығады.
Араға апта салып, қолында желтоқсаншылардың фотосуреті бар, қызыл жағалылар келді музейге. Бұл кезде алдағы қауіпті сезіп, Есжанды жұмыстан босатып, сенімді бір үйге жатқызып қойғанбыз. Әупірім-тәуірмен Есжан аман қалды, желтоқсанға қатысқандар райында «Қазақ әдебиеті» газетіне фотосуреті басылды. Өзі бір сұхбатында «Мені Желтоқсан күндері бәле-жаладан аман алып қалған Құлбек ағам» — депті. Шамасы «Оңтүстік Қазақстан» газетінде болар».
Дархан пейіл, қамқор Құлбек ағамыздың естелігін оқып отырып, «Шіркін-ай, басын қатерге тігіп Есжанды аман алып қалған осындай жанашыр азаматтар көп болғанда, Қайрат Рұсқұлбековтей, Ләззат Асановадай қайран жастар қыршын кетпес еді ғой,» — деп күйінесің, күйзелесің.
Тағдыр дегенді қойсаңшы. Жаны егіз, көзқарасы бір жандарды Жаратқан ием өзі қосады екен ғой. Желтоқсанның 16-сы күні алаңға барған жастардың ішінде Қазақ Педагогикалық университетінің студенттері Мейрамкүл Айнабекова мен Шәкизада Мырзалиева да бар еді.
«Бұл жүрек түкпірінде бұғып жатқан ұлттық санамыздың оянуы ма, әлде қанымызға сіңген намыс отының ұшқыны ма, немесе алаңға бет алған жүздеген жастар легінің дүмпуі ме? Осыдан отыз бес жыл бұрынғы қантөгіс оқиғаның болуына СОКП Орталық Комитетінің тарихта болмаған 18 минуттық қысқа пленумында республиканың бірінші басшысы Д.А. Қонаевты орнынан алып, Ульянов обкомының бірінші хатшысы Г.В. Колбинді Үкімет басыны әкелуі түрткі болғаны белгілі. Алаңға шыққандардың көкейіндегі сауал да «Басшыны неге сырттан әкеледі? Өз ұлтымыздан неге қоймайды?» — деген дүдамал ойлар еді». – дейді Шәкизада Жахангерқызы.
«Әуелі бәріміз ән айтып, арасында ұрандаған сөздер айтып тұрдық. Біреулер дыбыс күшейткіш арқылы сөйлеп жатты. Иін тірескен халық, біреуді біреу біліп болмайды. Үкімет басшылары мінберге шығып тарауымызды өтінді. Бірақ жастардың тарайтын түрі көрінбеді. Бір кезде айналамыз азан-қазан болып, бақайшағына дейін қаруланып, қалқан ұстаған әскерлер қаптап кетті. Қолдарындағы резіңке тоқпақты көзіне түскен адамға сілтеп баудай қырып келеді. Өрт сөндіру машиналары суық су шашып, жерге құлап қалғандарды итке талата бастады. Бейбіт шеруіміздің соңы көз көріп, құлақ естімеген қатыгездікке ұласқанын көріп Мейрамкүл екеуміз әупірімдеп қашып шықтық. Ал, бізбен бірге барған Мира, Халида даген қурстастарымыз ұсталып, түрмеге түсіп қалды. Олардың ондағы көрген азабын тілмен айтып жеткізу қиын.
Сұмдықтың үлкені ертеңіне басталды. Бізді университет, факультет жиналысына салып, жанға тиетін сөздер айтып жылату, қорқыту-үркіту, тергеу изоляторындағы, Ішкі істер министрлігіндегі тергеулер, күні кеше ғана бірге жүрген курстастарымыздың бізге үрке қарап, іргесін аулақтатуы сияқты әуре-сарсаң күндер әбден жүйкемізді жұқартты. Бағымызға қарай факультет деканы да, кураторымыз да көпті көрген салмақты кісілер еді. Үздік оқуымызды, үлгілі тәртібімізді желеу етіп бізді сотталудан аман алып қалды.
Жастардың қаны суша аққан алаңдағы сойқанның бел ортасында жүрген Есжанды Құлбек ағамыз аман алып қалса, Мейрамкүл екеуміз ұстаздарымыздың арқасында сол кездегі солақай саясаттың асыра сілтеген, әділетсіз жазасынан құтылған едік. Келесі жылы жазда Есжан екеуміз отбасын құрдық. 16 жыл бірге өмір сүріп, үш перзентті болдық. Кейде ойлаймын, қырмызы қызғалдақтай өсіп келе жатқан үш қызымыздың көрер жарығы Есжан екеумізді аман алып қалған екен ғой деп».
Шәкизаданың жанарынан үзіліп түскен жалғыз тамшы жас желтоқсанның аязында жастар жүзіне қатқан мұз секілді көрініп кетті. Арада өткен отыз бес жылдың желтоқсан жаңғырығын өшіре алмағанын ұқтым. Ол күннің қасіреті желтоқсаншылардың, олардың ата-аналары мен туыстарының жүрегінде тоң болып қатып жатқаны анық. Оның бедерін уақыт та өшіре алмайды.
«Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар,
Қасқалдақтай қаным бар,
Бозторғайдай жаным бар,
Алам десең – аыңдар,
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар
«Еркек тоқты – құрбандық»,
Атам десең – атыңдар,» — деп халқы үшін құрбан болған Қ. Рысқұлбековты ұмыту мүмкін бе? Қазақтың көгіне күн болып шығатын қаншама жастың тағдырына балта шабылды. Ату жазасына кесіліп, әупііріммен аман қалған абақтыда Қайратпен екі айдай бірге болған Мырзағұл Әбдіғұлов та тағдыр тауқыметін аз тартқан жоқ. Ал, енді бүгін Отырардың тумасы, отты ақын Есжан Айнабековтың өміріне желтоқсан оқиғасының қандай із қалдырғанына қанық болдыңыздар. Қорыта келе, Қазақстан тарихының тағы бір ақтаңдағына айналған желтоқсан құрбандары, 86-ның тар жол, тайғақ кешуінен өтіп, бүгінгі күндері арамызда жүрген желтоқсаншылар қандай да құрметке лайық. Сондықтан да, Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы, желтоқсан оқиғасының 35 жылдығы аталып отырған тарихи белестерге орай қоғамға үлкен ой тастаған, егемендікке бастаған желтоқсаншыларға, олардың көмекке мұқтаж отбасыларына, денсаулықтарын, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын т үзеуге мемлекет тарапынан жүйелі қолдау көрсетілсе деген ұсыныс айтқым келеді. Олардың есімдерін есте қалдыруға байланысты игілікті іс-шараларда қолға алынса деймін. Осындай елінің есінде қалған,ерекше атап айтуға тұрарлық желтоқсан қаһармандарының арасында бүгінгі әңгімемізге арқау болған кейіпкер – Есжан Сейдуллаұлы Айнабеков те бар.
Есжанның жары Шәкизада Мырзалиеваның қолындағы «Ақталу қағазын» көргенде «дір» ете қалдым. Ұстап қарауға жүрегім дауаламады.
«Ақталу» деген бір ауыз сөздің өзі арада қанша уақыт өтсе де шындықтың, ақиқаттың жеңетінін айғақтап отыр. Халқымыздың қайсар рухы бойына сіңген азаматтарымызды ұмытпайық.
Сөз реті келгенде айта кеткім келетін тағы бір мәселе бар. Жоғарыда түркі әлемінің тұмары киелі Түркестанда, кенді қала Кентауға шыға беріс жолдағы үлкен мешіт жанында Есжан Айнабеков атындағы көше бар екендігін айтып өткен едік. Міне, осы көшеге тума таланттың есімін беру жөніндегі бастаманы көтеріп, тек идея тастап қана қоймай, соның жүзеге асуы жолында жан-жаққа жазып, тер төгіп жеріне жеткізген белгілі ақын, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлықтың лауреаты, қазіргі Мәжіліс депутаты, Қазыбек Исаға Айнабековтер әулетінің де, жалпы Түркістандықтардың да айтар алғысы шексіз.
« Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын»,- демекші, қаламының қарымымен де, жүрегінің жалынымен де, «елім» деп өткен азаматтың қадірін бағалай білген және соны дәлелдей білген, биыл Желтоқсан көтерілісінің 35 жылдығына арнап, Желтоқсан күрескерлеріне арнайы статус беру туралы депутаттық сауал жасаған Қазыбек Иса осындай игі ісімен танылып, баршаға үлгі болып жүр деп ойлаймыз.
Желтоқсан көтерілісінің ақиқаты ашылар кез әлі алда деп білеміз.
Роза НАРЫМБЕТОВА