ЖЕМҚОРЛЫҚПЕН КҮРЕСТЕГІ ЛИ КУАН Ю ӘДІСІ

Екі жақ дауласып, мәселенің түйінін шешу үшін биге келіп жүгінген көрінеді. Би істі біздің пайдамызға шешсін деп бірінші тарап қырық қараны тарту етіпті-мыс. Ал, екінші жақ жүз қараны алдына салып, жеңіс бізде деп сенімді отырған көрінеді. Шешім шығаратын сәт келгенде би ақ-қарасын тіліп айтпай, сөзді әр саққа жүгіріп, бәтуалы сөз айта алмапты. Ауызбастырық алған адамның даусы пәс, сөзі сынық келетін әдеті. Кенет бірінші жақтан жігіт ағасы:

  • Оу, биеке, қырқа-қырқа сөйлесеңізші, — депті. Бұл – қырық қараны ұмытпа дегені.

Сонда би:

  • Қырқа-қырқа сөйлер едік-ау, жүзден жүзе алмай отырмыз ғой, — деген екен.

Кейде елдің арасынан шыққан, ел үміт артқан азаматтардың жемқорлық фактісімен ұсталғанын естіп жататынымыз өкінішті.  Себебі, сыбайлас жемқорлық — кез-келген мемлекеттің діңін тескен жегі құрт секілді. Бұл қоғамды құрдымға жіберуі мүмкін ең жайсыз нәрсе. Жемқорлық барда экономика тұрақсыз, бағалар өскіш, қылмыс пен тәртіпсіздік шаш етектен. Мемлекеттің даму жолы, кедейшілік пен қылмысқа қарсы күрес, экономикалық серпіліс туралы қанша бастама көтерілсе де, сыбайлас жемқорлық жойылмай, кез келген бастама нәтижесіз болады.

Бұл – елінің ертеңіне алаңдайтын әрбір азаматты толғандыруы тиіс тақырып. Жұмысымыз тезірек біте қалсын, көрсеткішіміз үздік болсын, жақсы жұмысқа орналасайын немесе жол ережесін бір рет бұзғанымды кешіре сал деп сый-сияпат бермекке қолымызды қалтаға ыңғайлаймыз. Демек, халықтың санасы өзгермей, бұл ісінің Алла алдында да, мемлекет пен қоғам алдында да қылмыс екенін жан-тәнімен сезінбей жемқорлық пен парақорлыққа нүкте қойылмайтын тәрізді. Немесе Сингапурда 40 жылда «жемқорлықты түп-тамырымен жеңген» Ли Куан Юдың тәжірибесі сияқты қатаң режимдегі тәртіп керек пе деп қаласың.

Ли Куан Юдың ұраны «егер сіз сыбайлас жемқорлықты жеңгіңіз келсе, достарыңыз бен туыстарыңызды темір торға жіберуге дайын болыңыз» деп аталған екен. Сингапурдың сыбайлас жемқорлыққа қарсы науқаны төрт элементтен тұрды, олардың біріншісі —  сыбайлас жемқорлыққа қарсы қуатты, тәуелсіз қызметті құру болды. Ол ұйым бүкіл елдегі тәртіпті қадағалап отырды.

Сонымен қатар, барлық шенеуніктер мен олардың отбасыларының мүлкі алақандағыдай ашық болды. Ұйым агенттері тек шенеуніктердің ғана емес, олардың балаларының, әйелдерінің, туыстарының және тіпті достарының банктік шоттарын, мүлкін тексеру құқығын алды. Егер қызметкер мен оның отбасы өз қаражаттарынан тыс қомақты қаржы жұмсап, бір зат алса, бюро автоматты түрде жоғарыдан бұйрық күтпестен тергеуді бастайды екен.

Және жемқорлыққа қатысты айыппұл өскен. 1989 жылы сыбайлас жемқорлық әрекеттері үшін айыппұлдың максималды сомасы 10-нан 100 мың сингапурлық долларға дейін өсті.

Шенеуніктің үкіметпен байланыс іздеген адамнан алған кез келген сыйақысы керісінше дәлелденбейінше, ынталандыру немесе сыйақы ретінде сыбайлас жемқорлық жолымен төленген болып саналады. Егер шенеуніктің кінәсі дәлелденсе, онда оның мүлкі тәркіленеді, шенеунік үлкен айыппұл төлейді, түрмеге отырады.

Үшінші элемент — шенеуніктердің жалақысы түбегейлі көтерілді. Ли Куан Ю мемлекеттік қызметкерлерге ең үлкен жалақы төлеу керек деп сендірді, өйткені олар лайықты және адал үкіметті ұсынды. Егер олар аз жалақы алса сыбайлас жемқорлыққа араласуы мүмкін.

Жалақының өсуі мемлекеттік секторға үздік мамандардың ауысуына мүмкіндік берді. Елде жедел экономикалық өрлеу басталған кезде шенеуніктердің жалақысы жеке сектордың кірістеріне сәйкес өсе бастады. Жауапты қызметтер атқаратын мемлекеттік қызметшілер мен судьялардың жалақысы жеке корпорациялардың топ-менеджерлері деңгейіне дейін көтерілді.

Төртінші элемент — сыбайлас жемқорлықтың барлық табылған фактілерін жария еткен тәуелсіз, объективті БАҚ қалыптастыру. Шамадан тыс шығындармен, парамен ұсталған шенеунік бірден алғашқы жолақтардың «бас кейіпкеріне» айналады.

Ли саясатының нәтижесінде Сингапур өмірдің барлық дерлік саласында тамаша табыстарға жетті. Экономикалық өсу деңгейі 8,5% болып, жан басына шаққандағы табыс Ұлыбританиядағы көрсеткіштен асып түсті.

Батыс елдері келемежге айналдырып, бұл елде демократия жоқ деген кездер де болды, бірақ осылай ғана қоғамдағы тәртіпті орнату мүмкін еді. Ал, Ли Куан Юдың өзі «Егер батыстық үлгідегі демократияны қабылдайтын болсақ, бізді не күтеді?» деп сұрақ қойып, оған «Есірткі, қылмыс, жалғызілікті аналар… саны арта түсетін болады» деп жауап берген.

Бүгінде Сингапур Азиядағы ең бір бәсекеге қабілетті экономикасы бар және сыбайлас жемқорлық деңгейі аса төмен әрі аса қауіпсіз елдердің бірі болып танылған.

Батыр Баукең айтқан «Тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген ұстаным бізге дәл қазір қажет-ақ.

Нұрила ШЫНӘДІЛ