«ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫҢ ЖОЛ КАРТАСЫ» БАҒДАРЛАМАСЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша халықты жұмыспен қамтуды қолдау үшін «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасы іске асырылуда. Оның негізгі мақсаттары – жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу, қосымша жұмыс орындарын құру және елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту үшін жағдай жасау. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мемлекет халқына Жолдауында «қазіргі күрделі жағдайда біздің басты міндетіміз – әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты, жұмыспен қамтуды және халықтың табысын сақтау» деп атап өтті.

Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы (бұдан әрі – ЖҚЖК) шеңберінде орташа жалақысы 92 мың теңге болатын 5,5 мың жұмыс орны құрылды.

Жұмыспен қамтудың жол картасы жобалары мынадай 4 негізгі бағытқа бөлінген: – Халықтың өмір сүру сапасын арттыру; – ШОБ үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру; – Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту; – Өңірлерде бизнесті дамыту. Қазіргі уақытта жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 161 инфрақұрылымдық жобада құрылыс жұмыстары жүргізілуде, тағы 38-і іске асырудың бастапқы кезеңінде тұр. Естеріңізге сала кетейік, жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 2021 жылы барлық бағыттар бойынша 40,9 мың жұмыс орны құрылады, оның 28,3 мыңнан астамы тұрақты жұмыс орындары болады. Жұмыс іздеп жүрген қазақстандықтар тұрғылықты жері бойынша халықты жұмыспен қамту орталықтарына (бұдан әрі – ХЖҚО) бару арқылы ЖҚЖК шеңберінде инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға қатыса алады. Халықты жұмыспен қамту орталықтары уақытша тіркелген адамдарды қоса алғанда, жұмыспен қамту органдарында жұмыс іздеп жүрген адамдар, жұмыссыздар ретінде тіркелгендер, сондай-ақ жұмыстан босатылатын адамдар, жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген адамдар, студенттер қатарынан қажетті біліктілігі бар мамандарды іріктейді және оларды инфрақұрылымдық жобаны іске асыратын жұмыс беруші-мердігерге жібереді.

ХЖҚО арқылы инфрақұрылымдық жобаларға жұмысқа орналастыру кезінде жұмыссыз жастарға, NEET санатындағы жастарға, сондай-ақ денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмыстарда студенттерге басымдық беріледі. ХЖҚО қажет болған жағдайда инфрақұрылымдық жобаға жұмысқа орналастыруға кепілдік бере отырып, тиісті жұмыстарды орындау үшін жұмыс беруші-мердігердің/қосалқы мердігердің өтінімдері бойынша кадрларды қайта даярлауды қамтамасыз етеді. ХЖҚО бағыттары бойынша жұмысқа орналасқандардың жалақы мөлшері салықтарды, әлеуметтік төлемдерді және экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыны ескере отырып, ең төменгі жалақының кемінде екі мөлшері (83 мың теңге) деңгейінде белгіленеді.

ҚазАқпарат