ЖҮРЕК ТЫНЫШТЫҚТЫ КӨКСЕСЕ
«Сананы тұрмыс билеген» күндер артта қалды. Енді, жан дүниесіне үңіліп, рухани тыныштық көксеген пенделер психолог іздеп, түрлі жолмен жанына азық табуға талпынуда. Медитация, аффирмация, визуализация деген нәрселер құлаққа сіңісті болып барады.
Медитация дегенде көз алдыңызға не елестейді? Екі аяғын айқастырып алып, көзін тарс жұмып алған жан елестей ме? Шынында, медитацияның түрі көп. Басты шарты — медитация барысында сыртқы әлеммен байланысты толық үзу керек. Айналаңыздағы қым-қуыт тіршілікті ұмытып, бір сәт жаныңыз тыныштық табады. Мұның бастамасы қалай басталған? Пенденің байлығы да, билігі де, абыройы да болуы мүмкін, бірақ жүрек тыныштық таппаса оның барлығы бос әуредей көрінеді. Міне, осы бір беймаза күйден арылтатын дүниені іздеп, мына әлеммен байланысты үзіп, тыныштыққа түсіретін медитацияны ойлап тапты. Бірақ, «Жүректер Алланы еске алумен ғана тыныштық табатынын» мойындаған дұрыс. Күніне бес рет таза дәретпен Жаратушыңның алдына намазға тұрғанда бар сыртқы дүниені ұмытып, тек Алламен тілдескендей боласың. Арманыңды, мақсатыңды дұғада тілейсің. Тіпті, «бәтеңкеңнің бауына дейін сұрауға» рұқсат.
Ал, «армандар картасына» күніне жүз қарап, аффирмация айтып өміріне мән кіргізуге тырысқан көпшілік жайлы, олардың бұл ісі қаншалықты дұрыс-бұрыс екенін білу мақсатында пәтуә бөліміне «Аффирмация. Визуализация деген нәрселерге шариғат не дейді?» деген сұрақ жолдадық. «Шариғатта ниет деген нәрсе бар. Ниет еткен нәрсеге кіріспесеңіз әлі ниет етпеген болып саналасыз. Намазға ниет еткен адам (ниет еттім бесін намазының парызын өтеуге ниет еттім деген адам) парыз намазды оқуға ізінше кіріспесе ол әлі ниет етпеді. Сондықтан мұсылман бір қаражат, не дүниеге қол жеткізуге ниет еткен адам ол іске кіріспесе әлі ниет етпегендігі. Ол тек армандағанмен тең. Сондықтан ниет ең үлкен көмекші. Сол сияқты ниет еткен адам ниет еткен нәрсені визуально білу керек. Мысалы намазға ниет еткенде не оқитыныңызды,не істейтініңізді көріп тұрасыз. Пайғамбар: Алла бір пендеге дұға етуді ниет етсе, жағасының жауабын нәсіп еткендігі дейді. Демек, бұл – бір іске сіз нәтиже беретін болған соң кіріскеніңізді білдіреді. Пайғамбарымыз: «Мақсат қойыңдар, мақсат жетістікке жеткізеді» деген. Сіз айтқан нәрселер жасанды дүние. Сондықтан, Құдайдан келген инструкция хайырлы» деген жауап алдық.
Ал, ендігі төрелігін өзіңізге қалдырдық, қымбатты оқырман. Алланың бұйырғанын орындап, тыйғанынан тыйылған кезде сізге қосымша ритуалдардың қажетсіз болып қалатыны хақ.
Нұрила БАТЫРБЕКҚЫЗЫ