ЗИЯЛЫ ҰЛТТЫҢ ЗИЯТКЕР ҰРПАҚТАРЫ ЕЛБАСЫ ИДЕЯСЫН ҚОЛДАЙДЫ

Егемен елдің білім беру жүйесін өрге сүйреп, әлем­дік стандарттар деңгейіне жетелеуде көшбасшылық жасап келе жатқан Назарбаев зияткерлік мектептерінде тілдердің үштұғырлылығы саясаты жоғары деңгейде жүзеге асырылуда. «Үш тұғырлы тіл» идеясы бойынша мектебіміздің өзіндік тәжірибесі бар. Мұндағы әрбір оқушы мемлекеттік тілді еркін меңгерген, ресми тілде ауызша және жазбаша еркін қарым-қатынас жасауға қабілетті. Аталған идеяның маңызды құрамдас бөлігі – ағылшын тілін үйрену десек, бүгінде мектеп оқушылары ағылшын тілін еркін игеруге қол жеткізіп отыр.

Мектептегі тілдік орта білім алушылардың үш тілге бірдей жүйрік болуын қамтамасыз етуде. Бұл ретте, сөз жоқ, мемлекеттік тіл – қазақ тілі бірінші орында тұрғанын мақтанышпен айта аламыз. Мемлекетіміздің білім жүйесіне жасап жатқан қылаусыз қамқорлығының арқасында көптеген оқушыларымыз уақыт-уақытымен әлемнің бірнеше мемлекеттеріне сапар шегіп жатады. Олардың қай елге бармасын, жаһандық экономикаға кірігу тілі – ағылшын тілінде емін-еркін қарым-қатынас жасауға төселгендігін байқау қиын емес. Бұл деген сөз – «Үш тұғырлы тіл» саясатының мектебімізде жүйелі жүзеге асырылып жатқанын айқын танытса керек.

Білімпаз жастарымыз Елбасы сая­сатын барынша қолдайды. Мұның өзі білім беру үдерісінде айқын көрініс тауып отыр. «Біз ел иесі ретінде биік бола біл­сек, өзгелерге сыйлы боламыз», дейді Елбасы. Зияткер ұрпақ – зияткер ұлттың негізі. Ал үкілі үміт артатын жастарымыз ел иесі ретінде мемлекеттік тілді қастер тұтып, ұлтаралық қарым-қатынас тілі ретінде орыс тілін жетік игеріп, ағылшын тілінде ой-пікірін ер­кін өрістете алса, игілікті идеяның орындалғаны. Демек, үш тұғырлы тіл саясаты өз жемісін бере бастады деуге толық негіз бар. 

Қарлығаш ТАСҚЫНБАЕВА, Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің қазақ тіліәдістемелік бірлестігі жетекшісі.