ТӘУЕЛСІЗДІК ЖЕТІСТІКТЕРІ: ҚАЗАҚ ТУРИЗМІ ДАМУДА

Ұлы Жібек Жолы бойында орналасқандықтан Қазақстан аумағындағы қалалар мен табиғаты ғажайып қорықты жерлер ежелден саяхат және туризм нысандары деп көрсетуге тұрарлық жерлер. Елбасы Нұрсұлтан Әбішқұлы бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында: «Туризм барлық дүниежүзілік экономиканың 10%-ын құрайды. Бұл – өте үлкен көлем. Бізде өте аз әлі. Біз енді 2025 жылға дейін экономикамыздың 8%-ын туризмнен аламыз деп отырмыз. Ол үшін өте көп жұмыс істеу керек. Жаңағы Рухани жаңғыру мәслесі, «Нұрлы жол», инфрақұрылым, барлығы осыған байланысты. Қазақстанда да көретін, баратын жерлер өте көп. Даланың, таудың өзі басқа елдер үшін өте қызықты. Көрсете білуіміз керек» деген еді.

Қазақстан туризм саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын қабылдады.

Бағдарламаның мақсаты — 2025 жылға қарай Қазақстан Республикасының ЖІӨ жалпы көлемінде туризмнің кемінде 8 % үлесін қамтамасыз ету. Міндеттері: Туристік ресурстарды дамыту, туристік дестинациялар мен объектілердің көліктік қолжетімділігін қамтамасыз ету, туристік өнімдердің және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, қолайлы туристік ахуал құру, ішкі және халықаралық нарықтарда елдің туристік әлеуетін ілгерілетудің тиімді жүйесін қалыптастыру, туристік саланы дамытуды басқару мен мониторингтеу жүйесін жетілдіру.

Қазақстанда 500-ден астам туристік фирмалар қызмет етеді, 80 елдің туристік фирмаларымен келісім жасаған. Туризмнің дамыған аймақтары Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Түркістан облыстары, сондай-ақ Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары. Осы облыстардың және қалалардың туристік фирмалары қызмет көрсетудің 88%-ін құрайды. Қазақстаннан туристердің мейлінше көп баратын елдері: Ресей, Қытай, Германия, Корея, Польша, Турция, БАЭ. Ал біздің елге келетін туристердің елдері: Ресей, Қытай, Германия, Пакистан, Полыпа және Турция. Туристерді тасымалдауда авиакомпаниялардың ролі зор. Көптеген туристер шетелдік авиакомпанияларға қызығушылығы артық болып тұр, ал ұлттық компаниялардың ролі төмен. «Эйр-Казахстан»ның акциясы мемлекеттік меншікке өтуі болашақта ұлттық авиатасымалдаудың маңызы артады деген үміт бар.